Оралда жазушы, қоғам қайраткері Энгельс Ғаббасовты еске алды

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО бөлімшесінің төрайымы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгереева Жалпақталдан шыққан жазушы Энгельс Ғаббасовтың әдебиет пен қоғамға қосқан үлесі, шығармаларының ерекшелігі, кісілік қадір-қасиеті туралы сөз қозғады. Сондай-ақ БҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов, білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы облыстық ұйымының төрағасы Марат Даупаев, жазушының қарындасы, Ж.Досмұхамедов атындағы педколледж директорының орынбасары Шолпан Нәбидуллина және басқалар естеліктерімен бөлісті.
1937 жылы Қазталов ауданында дүниеге келген Энгельс Ғаббасов Орал педагогикалық институтының орыс тілі мен әдебиеті бөлімін бітіргеннен кейін ұстаздық етті. Партия және қоғамдық ұйымдарда қызмет етті. Шығармаларын орыс тілінде жазған қаламгер Одаққа да танымал болды. Батыс Қазақстан облысы аумағындағы әскери сынақ полигондарын жабу және басқа өткір мәселелер жөнінде үн қатып, ауа райын болжауға дейін өзінің ой-пікір, ұсыныстарымен бөлісіп отырды. Лауазымдық қызметтер атқарумен бірге филология ғылымдарының кандидаты, доцент ретінде жоғары оқу орындарында дәріс берген Э.Ғаббасов өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары халық қалаулысы атанып, ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып сайланды. Президенттік додаға да түсіп көрді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел өміріне етене араласқан оның қоғам қайраткері ретіндегі еңбегін жоғары бағалап, кезінде өзінің сағатын сыйға тартты. Қазір музейде тұрған сағатты тарихшы-ұстаз Сайлау Сүлейменов кешке қатысушыларға әкеліп, көрсетті.
Батысқазақстандықтар биыл туғанына 80 жыл толған қаламгер әрі қайраткерді осылайша еске алды.