Оралда жеке үй өртеніп кетті

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында мансардалы жеке үй өртеніп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оралда жеке үй өртеніп кетті

БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 12 қазан күні А.Оразбаева көшесі, 49 мекенжайында болды.

Сағат 08.47-де өрт шыққаны жөнінде хабар түскен. Оқиға орнына дереу жеткен №1 мемлекеттік өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері аумағы 160 шаршы метрді құрайтын үйдің мансардасы мен гаражы жанып жатқанын анықтады. Сондықтан №2 және №8 өрт сөндіру бөлімдерінен қосымша техника шақырылды.

Өрттің таралуы сағат 09.55-те тоқтатылып, 11.35-те толықтай сөндірілді.

Зардап шеккендер жоқ.

Қазіргі кезде оқиғаның себебі, келтірілген шығын анықталу үстінде.


Биыл жыл басынан бері облыста тұрғын үй секторында барлығы 302 өрт тіркелді. Салдарынан 3 адам қаза тауып, 8-і түрлі жарақат алды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да бір мезгілде 5 үйдің ауласы өртенгенін жазған болатынбыз.