Оралда жел күшейсе, жарық та өшеді: тұрғындар шағымына әкімдік жауап берді

ОРАЛ. KAZINFORM — Облыс орталығы Орал қаласында қолайсыз ауа райына байланысты тұрғындардан түсетін шағым да көбейді.

жарықсыз қалды
Фото: Pixabay

Instagram әлеуметтік желісінде Зачаган кентіне қарасты «Арман» шағынауданы тұрғындары 4 қаңтар күні мәлім еткеніндей, жел күшейіп, қар немесе жаңбыр жауса да, электр жарығы сөнеді.

- ХХІ ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Алайда сәл жауын-шашын болса-ақ, қараңғылық құшағында қаламыз. Үйде балалар, қарт адамдар бар, кернеудің жиі-жиі көтерілуінен техника да сынады. Электр желілері әбден тозған, бұл уақытша шаралар емес, күрделі жөндеуді қажет етеді. Электр қуаты үшін тұрақты төлейміз, сондықтан сапалы қызмет алғымыз келеді, - дейді тұрғындар.

Тұрғындар қаланың басқа аудандарында да осындай жағдайға жиі тап болатынын айтады. Зачаган кентінде 5 қаңтар күні де жарық өшіп, қайта жанды.

Осыған орай Kazinform тілшісінің сауалына Орал қаласы әкімдігі жауап берді.

Әкімдік мәліметіне қарағанда, «Арман» шағынауданында 4 қаңтар күні электр қуаты толық көлемде өшірілмеген. Тек кейбір аумақтарда ауа райының қолайсыздығына байланысты ажырату орын алған. «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіліп, кейін электрмен жабдықтау толық қалпына келтірілген.

БҚО энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының деректеріне сәйкес өңірде әртүрлі кернеу класындағы электр жеткізу желілерінің жалпы ұзындығы 20 531 км болса, трансформаторлық қосалқы станциялардың саны – 3 183.

2025 жылы «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС-ның электр желілерінде 458 ажырату тіркелсе, соның 170-і Орал қаласының үлесіне тиеді. Электрмен жабдықтау саласында 1 869 қызметкер еңбек етеді, 321 автокөлік бар.

Облыста электр желілерінің орташа тозуы өткен жыл басындағы 78,86 пайыздан жыл соңында 75,43 пайызға дейін кеміді.

Электр желілерінің сенімділігін арттыру мақсатында 2025 жылы 1 023 км әуе желісі, 22 қосалқы станция жөнделіп, 3 904 тірек ауыстырылды. Апаттық учаскелерде қосымша күшейту жұмыстары жүргізілді.

«Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3 жоба іске асырылды.

Атап айтқанда, Бөрлі ауданы Бумакөл, Тасқала ауданы Мерей ауылында және Сырым ауданы Жымпиты ауылында Алаш Орда көшесіндегі электр желілері реконструкцияланды. «Жылуэнергетикалық жүйесін дамыту» бағдарламасы аясында «110 кВ әуе желілерін реконструкциялау (Ақжайық, Бәйтерек, Тасқала аудандары және Орал қаласы)» жобасы іске асырылып жатыр.

- Сонымен қатар 31,3 км болатын «110/10 кВ Ақжайық қосалқы станциясынан 10 кВ тарату пункттері мен 10/0,4 кВ трансформаторлық қосалқы станцияларына дейінгі 10 кВ тарату электр желілерін салу» жобасы аяқталды. 2025–2026 жылдарға арналған «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жалпы құны 10 млрд теңге болатын 3 жоба жүзеге асырылыпкеледі. 2026 жылға инвестициялық бағдарлама бойынша 640 млн теңге қарастырылып, 3 982 км 0,4–35 кВ әуе және кабель желілерін және 3 қосалқы станцияны қамтитын жұмыстар жоспарланған. Оған қоса «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жалпы құны 231 млрд теңге болатын 14 жобаға өтінімдер тапсырылды, - делінген ресми мәліметте.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда энергетикалық қауіпсіздікті қалай қамтамасыз етуге болатынын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар