Оралда желтоқсан айында карантин тәртібі 49 мәрте бұзылған

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында нысандарға мониторинг жүргізу барысында желтоқсан айында 49 карантин талабын бұзу фактісі тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қала әкімі Абат Шыныбековтің облыстық жедел штаб отырысында мәлім еткеніндей, соның бесеуі нысандардың жұмыс режимін бұзуға қатысты болса, 44-і тұрғындар тарапынан орын алған.

Барлық бұзушылықтар тіркеліп, тиісті шара алу үшін Орал қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жолданды.

Сонымен қатар автобустар да тексерілуде. 1-7 желтоқсан аралығында екі дерек анықталып, бұл бойынша да тиісті шара алынатын болады.

Әлеуметтік желілер мен газеттердегі хабарландыруларға мониторинг жүргізу барысында «Siberia» рестобарының түнгі мезгілде де жұмыс істеп келгені белгілі болды.

Жалпы, қыркүйек айынан бері 224 материал қаралып, соның нәтижесінде 8,6 млн астам теңгеге 119 хаттама жасалды.

Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың қаулысымен «Гәкку», «Марсель» кафелері мен «Айзат» банкет залы, «Альбина+», «Мақпал», «Аделя» мейрамханалары үш ай мерзімге жабылды.

Жедел штаб отырысына төрағалық еткен облыс әкімі Ғали Есқалиев өңірде жағдайдың әлі күрделі екендігін, сондықтан індет өршіп кеткен жаздағы жағдайдың қайталануы мүмкін екендігін жеткізді. Сондықтан мониторингтік топтардың жұмысы жалғасады. Барлық мемлекеттік органдарда жаңажылдық іс-шараларды өткізуге тыйым салынды. Жеке мекемелер мен тұрғындар да өз қауіпсіздігі үшін шектеу шараларын бұзбаса, індеттің алдын алуға болады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда желтоқсан айында 700-ден астам адамның коронавирус жұқтырғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар