Оралда жемқорлыққа қарсы форум өткізілді
Жиында алдымен сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Ноғаев сыбайлас жемқорлықтың қоғам дамуына кедергі келтіретінін айтып, оның жолын кесуге әрбір азаматтың мүдделі болуы керектігін жеткізді. Бұдан кейін «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кенжебай Нығмет «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалының жемқорлық пен сыбайластыққа қарсы күресі жөнінде баяндады. Ол жиында қызметтік лауазымына, қоғамдағы салмағына қарамастан, тәртіп бұзушылардың бірде-бірі жазадан тыс қалмайтынын айтып, бұған мысалдар келтірді. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 9 айында сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін 28 мемлекеттік қызметкерге қылмыстық іс қозғалған. Сонымен қатар 30 мемлекеттік қызметкер сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі заң талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Тек биылғы жылы сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтын құқықбұзушылыққа барғаны үшін партияның 12 мүшесі тәртіптік жауапкершілікке тартылып, үшеуі партия қатарынан шығарылған. Бұдан әрі партиялық бақылау бекеттерінің жұмысына шолу жасаған ол қадағалау нәтижесінде мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында бюджет қаржысын қымқыруға жол берілмегенін айтты.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша басқармасының бастығы, тәртіптік кеңес төрағасы Әкімгерей Серғалин заң бұзушылықтың алдын алу мақсатында бірлесіп өткізілген семинар-кеңестер мен дөңгелек үстелдердің нәтижесінде заң бұзушылықтардың жылдан жылға кеміп келе жатқанын жеткізді. Мысалы, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің БҚО бойынша басқармасының деректері бойынша 2010 жылдың тоғыз айында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзған үшін 245 адам жауапкершілікке тартылса, ағымдағы жылдың осы мерзімінде бұл көрсеткіш 58-ге азайған, ал арыз-шағымдарды қарау кезінде жіберілген заңбұзушылықтар екі есеге кеміген.
БҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы Талғат Сәдуақасов ағымдағы жылдың 10 айында жемқорлыққа қатысты 76, парақорлыққа қатысты 18 істің тіркелгенін жеткізді. Өкінішке орай, құқық қорғау органы қызметкерлері арасында да жемқорлықпен айналысатындардың кездесіп қалатынын тілге тиек еткен ол ағымдағы жылы заң бұзған 9 қызметкердің жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді.
Аталған басшылардың есебін тыңдаған «Нұр Отан» ХДП партиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Болат Ысқақов жетекші партияның жергілікті өкілдерінің жұмысына оң баға берді.
«Нұр Отан» ХДП БҚО филиалы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмысын жүйелі ұйымдастырған мемлекеттік органдар мен партиялық бақылау бекеттерін анықтап, оларға алғысхат табыс етті. Осындай марапатқа сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті параққа шебер бейнелеген студент жастар да ие болды.
Жиын соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық қозғалыс құру жөніндегі астаналық қоғамдық бірлестіктердің бастамасын қолдап, жергілікті қоғамдық бірлестіктердің өкілдері меморандумға қол қойды.