Оралда Жеңіс күнін мерекелеу ескерткіштерге гүл шоқтарын қоюдан басталды

Оған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бастаған Ақ Жайық жұртшылығы қатысты.
Содан кейін мерекелік салтанат Жеңіс алаңында жалғасты. Онда өңір басшысы атап өткеніндей, 1945 жылғы 9 мамыр - адамзат тарихындағы ең бір қастерлі де құрметті, киелі де құдіретті күн. Дәл осы күні бес жылға созылған Ұлы Отан соғысына ең соңғы нүкте қойылды. Жиырмасыншы ғасырда ғаламшар тағдырын айқындап берген бұл ұлы оқиға шежіре түгілі, адамзат жүрегінде мәңгілік жазылып қалды.
Бүгінгі ұрпақ сол ардагер аталардың ерліктері мен қаһармандық істері алдында мәңгі қарыздар.
Сондай-ақ бұл күні Жастар шығармашылық орталығында «Жеңіс туы желбіресін мәңгілік!» атты концерт, қалалық мәдениет және демалыс саябағында «Жауынгер ботқасы» театрландырылған көрініс қойылса, кешкісін орталық Абай алаңында концерттік бағдарлама мерекелік отшашумен аяқталмақ.
Батыс Қазақстан облысы - Қазақстанда соғыс оты шарпыған аймақ. Әсіресе, Сталинград майданы тиіп тұрғандықтан, Бөкей ордасы, Жәнібек аудандары соғыс жағдайында деп жарияланды. Оралда қорғаныстық мақсаттағы кәсіпорындар, әскери госпитальдар орналасты.
БҚО-дан Ұлы Отан соғысына 76 мыңнан астам адам қатысып, олар майданда ерліктің үлгісін көрсетті. Соның ішінде 40 батысқазақстандыққа Кеңес Одағының Батыры атағы берілсе, алтауы Даңқ орденінің толық иегері атанды. 36548 боздақ майданнан оралмады.