Оралда жер телімін алуға кезекке тұрғандар саны 54 мыңнан асты

АЛ. 30 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Орал қаласында жер телімін алуға 54472 адам кезекте тұр.
None
None

Қалалық жер қатынастары бөлімінің бастығы Мереке Разовтың айтуынша, 2008 жылдан бастап күні бүгінге дейін 2 432 адам (2008 жылы - 256, 2009 жылы - 55, 2010 жылы - 264, 2011 жылы - 1857) жер теліміне қол жеткізген.

Қазіргі таңда 2004 жылы жер кезегіне тұрғандардың өтініштері қанағаттандырылуда. Биыл жыл аяғына дейін 2004 жылдың сәуір айына дейінгі кезектегілер (І тоқсан) өздеріне тиесілі жерлерін алып болады. Ал 2004 жылдың ІІ, ІІІ, ІV тоқсанында кезекте тұрғандар келесі жылға қалады. Жер телімі алдағы жылы да кезек бойынша беріледі. Тәртіп бойынша жер телімін әуелі 2004 жылдан қалғандар, сосын 2005 - 2006 жылы өтініш бергендер (олар көп емес), сосын 2007 жылы кезекке тұрғандар алады. 2007 жылы жерге кезекке тұрушылар саны күрт артты, бір жылдың ішінде олардың саны 25 мыңға жуықтады. Кезегі жетіп тұрғандар жаңа жылдан кейін жерді Теректі мен Зеленов аудандарының қалаға жақын жерлерінен алуы мүмкін. Жердің дәл қай уақытта берілетіні белгісіз, бюджетке байланысты болғандықтан, бұл жөнінде нақты шешім әлі шыққан жоқ.

Соңғы кездері кезегі бойынша жер теліміне ие болып, баспана салып алып жатқандардың қатары күрт өсті. Бұған, біріншіден, мемлекеттік бағдарлама бойынша жүргізіліп жатқан ипотекалық тұрғын үй құрылысының уақытша тоқтатылуы себеп болса, екіншіден, бүгінде қалың көпшіліктің несие туралы түсінігі кеңейді.

Бұдан 4-5 жыл бұрын жұрт несие алуға шынымен де әуес болатын. «Бір жерде несие беріп жатыр» дегенді естісе, банк ақшаны тегін беріп жатқандай, жұрт солай қарай тұра жүгіретін. Бүгінгі таңда банк те, халық та өзгерген. Кезінде кез келген адамға несие беріп, кейін клиенттерінен берген ақшасын қайтара алмаған банктер бүгінде аса сақ қимылдайтын болған. Алған несиесін қайтара алмай шаршаған адам да қазіргі таңда банк атаулыға жақындауға онша құлықты емес. Жиған-тергені банкке кетіп, баспанасыз қалғандардың өзі-өздеріне қол жұмсап жатқандары да бар. Осындай жағдайларды көргеннен кейін жұртшылық ипотекалық тұрғын үйден гөрі жер телімін алып, баспананы өздері тұрғызып алғанды жөн санайтын болған. Осыдан келіп жер телімінің құны бұрынғыдан әлдеқайда қымбаттап кетті. Мысалы, бұдан екі-үш жыл бұрын қала маңындағы 10 сотық жерді 300-500 мың теңгеге сатып алуға болатын еді. Медколледж, құс фабрикасы аудандарындағы 8-10 сотық жер телімінің құны бүгінгі таңда 1-1,5 млн. теңгені құрайды. Ал қала шетіндегі Зашаған кентіне қарасты Арман, Көктем, Сарытау және Ескі әуежай секілді жарығы, газы, суы келіп тұрған шағынаудандарда жер телімінің құны шарықтап кеткен. Бұл маңайдан жер алғандар қазір үйлерін тұрғызып алды. Ал басы артық баспаналары барлар өздеріне тиесілі жер телімін алғаннан кейін, оған шағын үй тұрғызып, кейін қымбат бағаға сатып жіберуде. Қара жердің өзіне бір миллионның үстінде ақша сұрап тұрған жұрт мұндай үйлердің құнын екі миллионға дейін жеткізген. Осыны көрген қалталы азаматтар бүгінде жер телімдерін көптеп сатып алып, оны қымбат бағаға халыққа қайта сатып, қарық болуда. Бұл жағдай тек Оралда ғана емес, бүкіл елімізге тән құбылыс болып отыр. Уақыт өткен сайын белең алып бара жатқан жер саудасын дер кезінде тоқтатпаса, арты өкінішті жағдайларға әкеп соғуы мүмкін.

Жақында "Жер қатынастары жөніндегі" Заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Түрлі жағдайлардың туындауына байланысты жер қатынастарын реттеу мәселесі бойынша үстіміздегі жылдың 20 шілдесінде ҚР заң актілеріне толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Өзгеріс енгізілген бұл заң «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінің 6 тамызындағы нөмірінде жарық көрді. Аталмыш заң биылғы 16 тамыздан бастап күшіне енді. Осыған байланысты жер телімін пайдалану тәртібі бұрынғыдан өзгерді. Мысалы, бұрын өзіне тиесілі жер телімін алған адам оны сол бойда жекешелендіріп алатын еді. Сөйтіп, оған үй тұрғыза ма, әлде оны сата ма, оны жер иесінің өзі шешетін. Осыны пайдаланған кейбір адамдар жер телімін сауда-саттыққа салып, оны қаржы табудың қосымша көзіне айналдыра бастады. Өзгерген заң бойынша жер телімін 16 тамыздан кейін алғандар бұрынғыдай оған толық иелік ете алмайды, сондықтан оны сатуға құқығы жоқ. Жаңарған заңға сәйкес кезегі бойынша жер теліміне қолы жеткендер бекітілген жерге екі жыл мерзім ішінде тұрғын үй құрылысын жүргізіп болуы тиіс. Егер көрсетілген мерзім ішінде баспанасы тұрғызылмаса, онда ол адамнан жер телімі кері қайтарылып алынады.

Соңғы жаңалықтар