Оралда жергілікті үлесті арттыру мақсатында 2,9 млрд. теңгені құрайтын 19 меморандумға қол қойылды (ФОТО)

Онда облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексовтың атап өткеніндей, Қазақстанның қарқынды дамуы өңірлерге байланысты болғандықтан, Елбасымыз бұл мәселеге баса көңіл бөліп келеді. Отандық өндірісті қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуда. Осы орайда Президент берген тапсырмалардың мүлтіксіз орындалуы аса маңызды. Биылғы ақпанда Оралда ҚР Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев пен ҚР Энергетика министрі Владимир Школьниктің қатысуымен облыс кәсіпорындарын тапсырыспен қамтамасыз ету мақсатында өткен форум аясында 42 млрд. теңгені құрайтын 20 меморандумға қол қойылғаны белгілі. Қазіргі кезде осы меморандумдарға сәйкес 23 млрд. теңгеге 118 келісімшарт жасалды. Бұл игі іс жалғасын таба бермек.
Жиында «NADLoC» жергілікті қамтуды дамыту ұлттық агенттігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Гүлмира Уахитованың мәлім еткеніндей, жергілікті қамтуды дамыту бағытында әр өңірде ұйымдастырылған семинарлар жеміссіз емес. Меморандумдар нақты келісімшартқа айналуда. Әсіресе, Батыс Қазақстан облысында жұмыс нәтижелі. Жалпы қазақстандық үлесті арттыру туралы бағдарлама қолға алынған 2010 жылдан бері отандық үлес 48 пайыздан 63 пайызға дейін өсті. Үкімет әлемдік дағдарысқа байланысты елдегі өндіріс орындарын қолдаудың кешенді шараларын жасақтады. Ендігі міндет соны жүзеге асыруда.
«ҚПО.б.в.» компаниясының сервистік қамту жөніндегі директоры Кристофер Секиттің айтуынша, Қазақстан экономикасына шетелдік инвестор салған қаржы 15 млрд. АҚШ долларынан асты. Бұл ретте БҚО әкімдігімен, жергілікті мекеме-кәсіпорындармен тығыз байланыс бар. Жұмысшыларға жақсы жалақы төленумен бірге жыл сайын жаңа жұмыс орындары да ашылуда. Мысалы, соңғы үш жылда ҚПО-да қосымша 376 жұмыс орыны ашылды. Бүгінгі таңда компанияда 3948 қазақстандық қызметкер жұмыс істейді. Сондай-ақ кенішті игеру басталғалы бері үш мыңнан аса отандық кәсіпорынмен келісімшарт арқылы жұмыс жасалды. Олар компаниядан 4 млрд. АҚШ долларынан асып жығылатын тапсырыс алды. Қарашығанақ жобасына қатысушы компаниялардың саны жыл сайын өсуде. ҚПО-дағы жергілікті үлестің мөлшері қаржыға шаққанда 2012 жылы 336 млн. АҚШ доллары болса, 2013 жылы ол 461 млн. АҚШ доллары, ал 2014 жылы 472 млн. АҚШ долларын құрады. Әлемдегі мұнайгаз саласындағы қиындықтарға қарамастан, «ҚПО б.в.» қазақстандық кәсіпорындармен байланысын ширата түсуге мүдделі.
Жиын барысында жергілікті қамтуды дамыту бойынша жер қойнауын пайдаланушылар, мемлекеттік ұйымдар және отандық тауар өндірушілер арасында жалпы құны 2,9 млрд. теңгені құрайтын 19 меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар «Қазақстанда жасалған» акциясын жүзеге асыру аясында отандық өнімдерге логотип орналастыру туралы отандық тауар өндірушілермен 4 меморандум жасалды.