Оралда жол апатынан зардап шеккен бес адамның біреуі жансақтау бөлімінде жатыр

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында екі автокөлік соқтығысып, бес адам зардап шекті.

аурухана
فوتو: Kazinform

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәліметке қарағанда, оқиға 1 қараша күні түске таман Н.Назарбаев пен Абай даңғылдарының қиылысында болды.

«Рено Дастер» автокөлігінің жүргізушісі солға қарай бұрылған кезде «Lixiang L7» автокөлігіне жол бермеген. Салдарынан «Рено Дастер» автокөлігінің жүргізушісі мен онда отырған әйел облыстық аурухана жеткізілді. Сонымен қатар «Lixiang L7» көлігіндегі үш кішкентай бала ауруханаға түсті», деп хабарлады ведомстводан.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, жедел жәрдемге шақырту сағат 12.18-де түскен. Оқиға орнында үш бригада жұмыс істеді. 1958 жылғы ер адам облыстық көпбейінді ауруханада тексеруден өткізілді. 1961 жылғы әйелдің жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде. Облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілген 2022 және 2019 ұл, 2021 жылғы қыз баланы дәрігерлер қарағаннан кейін амбулаторлық ем тағайындалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жол апатынан екі ер адамның қаза тапқанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар