Оралда ЖОО студенттері арасында география пәнінен республикалық олимпиада өтуде (ФОТО)

Аталмыш білім сайысына Алматы, Петропавл, Шымкент, Ақтөбе, Тараз, Павлодар, Қарағанды, Көкшетау, Семей, Қызылорда және Орал қалаларынан барлығы 19 студенттік команда қатысып, бақ сынауда.
Республикалық олимпиада үш турдан тұрады. Бірінші, екінші турда қатысушылардың жалпы жертану, материктер мен мұхиттар географиясынан білімдерін сарапқа салынды. Сондай-ақ шет елдердің экономикалық, әлеуметтік және саяси географияларын, геоморфология мен гидрологияны қаншалықты білетіні тексерілді. Үшінші турда болашақ географтар Қазақстанның топографиясы, физикалық және экономикалық географиясы негізінде картография бойынша тәжірибелік тапсырмалар орындайды.
М.Өтемісов атындағы БҚМУ ректоры Асхат Иманғалиевтің айтуынша, студенттердің шығармашылық қабілеті мен білім-білігін шыңдай түсу үшін мұндай сайыстардың маңызы зор. Ең бастысы, бұл олардың болашақта бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына септеседі.