Оралда жүрек ақауына ұшырағандарға алғаш рет ота жасалды

Облыстық кардиологиялық орталықтың директоры Ақтілек Өмірбаевтің айтуынша, 21 қараша күні ота жасалған екі науқас жалпы палатаға шығарылды, өздерін жақсы сезінеді. Аптаның аяғына дейін он науқасқа ота жасалады. Отаға облыстың хирургтары қатысып, тәжірибе жинауда. Облыста 2237 адам жүректің созылмалы ауруымен есепте тұр. 200-дей ересек адам уақыт күттірмей емдеуді қажет етеді. Күні бүгін 110 адамға ота жасалуы керек. Биыл өңірдің 20 тұрғынына еліміздің басқа қалаларында ота жасалды. Соның 8-і туа бітті, ал 12-сі жүре бара пайда болған жүрек ақауы ауруы.
2003 жылы ашылған облыстық кардиологиялық орталықта коронографиялық зерттеу, стенттеу, аорто-коронарлық шунттау, электро-кардио стимуляторды орнату, жүрек ақауы ауруларына ота жасау сияқты жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі. Облыста 20 мың адам жүрек қан тамырлары ауруларымен есепте тұрған көрінеді.
-Биыл 1056 науқасқа жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетілуге тиіс. Жыл басынан бері 62 науқас аорто-коронарлық шунттау операциясынан өтсе, 18 адамға кардио-стимулятор орнатылды. Үстіміздегі жылдың 11 айында коронографиялық зерттеуден 1044 адам өтті. 182 адамға стент қойылды. Самаралық дәрігерлермен бірге коронографиялық зерттеуден бастаған жергілікті хирургтар Жанайдар Қазтуғанов, Руслан Аюпов, Шаттық Омаров, Жұлдыз Ирмағанбетов бүгінде аорто-коронарлық шунттау тәрізді күрделі оталарды өздері жасайды, - дейді А.Өмірбаев.
Аталмыш операция еліміздің кардиологиялық орталықтары бар барлық қалаларында іске асуға тиісті бола тұра, күні бүгін Алматы, Астана, Қарағанды, Ақтөбе, Павлодар қалаларында ғана жасалады. Олардың қатарына енді Орал қаласы да қосылды.