Оралда жүрекке алты ота жасалмақ

- Бұрын шетелдің медицина жетістіктеріне қызығып, олардағыдай күрделі оталар елімізде жасалса деп армандайтынбыз. Бүгінде сол арманымызға жеттік. Өзім Түркияда 10 жыл жұмыс жасадым. Еліме керек екенімді сезініп, қазақстандық медицинаға үлесімді қоспақ ниетпен оралдым. Біз республикалық, облыстық медициналық орталықтармен ынтымақтастықта жұмыс жасаудамыз. Оралға алғаш келуіміз. Бүгінгі оталар да Батыс Қазақстан облыстық кардиологиялық орталықпен алдын ала келісілген жоспарға сәйкес жасалынуда. Елімізге шетелдерден біздер сияқты дәрігерлер тобы да келіп, оталар жасап жүр. Олардың мақсаты өз елдеріне біздің науқастарды тартып, медициналық туризмді дамыту немесе қаражат табу болса, біздің мақсатымыз елімізге жоғары мамандандырылған медициналық қызметті енгізу, әдістеме-технологияларды тарату, облыс тұрғындарына көмектесу үшін дәрігер кардиологтар мен кардиохирургардың білімін жетілдіру, - дейді «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы Юрий Пя.
«Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ жетекші мамандарымен батысқазақстандық мамандар бірлесе отырып, үш күн ішінде алты науқасқа аорто-коронарлық шунттеу, туа біткен жүрек ақаулары бойынша ота жасамақ. Жоспарлы оталарға тізімде тұрған науқастар шақырылған. Мұндай бірлескен шеберлік сағаттары болашақта да жоспарлануда, дейді орталық мамандары.