Оралда жүргізу құқығынан айырылған адам тағы да мас күйінде жол апатын жасады

БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекші маманы Мөлдір Садырғалиеваның айтуынша, аталған жүргізуші бұдан бұрын мас күйінде автокөлік жүргізгені үшін жүргізушілік құқығынан айырылған.
Соған қарамастан, 54 жастағы жүргізуші мас күйінде қайта рульге отырған.
Ол «ВАЗ-2107» автокөлігімен Жәңгір хан көшесінде реттелетін жаяу жүргінші өткелі алдында «Ауди А-6» автокөлігімен соқтығысқан. Сосын соның алдындағы «Лада Приораны» да «құр қалдырмаған».
Медициналық куәландыруға сәйкес 54 жастағы жүргізушінің мас болғаны анықталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалып, автокөлігі арнайы тұраққа қойылды.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 346-бабы 2-бөлігіне (көлік құралын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік масаң күйде көлік құралын басқару) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда автокөлік аударылып, 31 жастағы жолаушының мерт болғанын жазған едік.