Оралда жылу құбырлары жөнделуде

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында қысқа дайындық барысында жылу құбырлары да ретке келтірілуде.
None
None

Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті БҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Клара Әлиеваның сөзіне қарағанда, қалаға жылу берумен айналысатын «Жайықжылуқуат» АҚ-ның теңгерімінде 219,7 км жылу желісі болса, соның 42,9 шақырымы магистральды, 176,8 шақырымы кварталішілік болып есептеледі. Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес жылу құбырларын жөндеуге республикалық бюджеттен 596,8 млн. теңге қарастырылған. Оған қоса «Жайықжылуқуат» АҚ-ның өз қаржысы жұмсалуда. Қазіргі кезде төрт учаскеде жөндеу жұмыстары аяқталып келеді.

«Тараз сәулеті» ЖШС коммерциялық директоры Ерлан Айткеевтің айтуынша, бұл кәсіпорын екі нысанда қайта құру жұмыстарын жүргізуде. «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес қажетті материалдар, атап айтқанда, тұрбалар мен темірбетон бұйымдары отандық кәсіпорындар - «Арселор Миттал» компаниясы мен батысқазақстандық «Стройкомбинат» ЖШС-дан сатып алынған. Екі учаскедегі жұмыстың 70 пайызы орындалған. Құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындар да тартылып отыр. Сондай-ақ қаладағы тағы екі нысанда «Ремстройбыт» ЖШС мен «Уральскводстрой» АҚ жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Мұның бәрін жылыту маусымы басталғанға дейін тәмамдау көзделуде.

«Жайықжылуқуат» АҚ өндірістік-техникалық бөлімінің жетекші инженері Аслан Хамзиннің мәлімдегеніндей, осы нысандар жаңартылған кезде құбырлардың тозу пайызы 53 пайыздан 52,7 пайызға төмендемек. «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес жұмыстар алдағы жылы да жалғасады. Бұл жылы тағы екі нысанда жылу құбырларын жаңғырту жоспарлануда.

Соңғы жаңалықтар