Оралда жылу желілерін жөндеу алдағы жылы да жалғасатын болады

ОРАЛ. 16 қазан. ҚазАқпарат - Биыл қысқы кезеңге дайындық барысында коммуналдық кәсіпорындар жабдықтары мен желілерін күрделі жөндеуге, әлеуметтік нысандарды жөндеуге, қатты және сұйық отын сатып алуға БҚО-да 6 млрд. теңге бөлінді.
None
None

Облыс әкімінің орынбасары Алмаз Бадашевтің айтуынша, әсіресе, жылу магистральдарын қалпына келтіру бағытында үлкен жұмыстар атқарылды. «Жайықжылуқуат» АҚ-ға тиесілі 13 қазандық болса, соның алтауы қазір жұмыс жасап тұр. Күн суытқанда, барлығы іске қосылады.

Орал қаласында 220 км жылу желісі болса, биыл соның 17 шақырымдайына жөндеу жасалды. Мәселен, екі айдай уақыт ішінде Еуразия даңғылы бойында 3 км желі ауыстырылды. Барлық технология сақталғандықтан, бұл жылу магистралына таяудағы 15-20 жылда ешкімнің қолы тимек емес. Жөндеу кезінде Ақтаудан «Арселор Миттал» компаниясының құбырлары пайдаланылды. Мердігерлер 3 жылға кепілдік беріп отыр. Жөндеу жүргізілген Еуразия даңғылы бойында биыл асфальттың бірінші қабаты ғана жабылады. Алдағы жылы Орал қаласы әкімдігі Чагано-Набережный көшесінен Мұхитқа дейінгі жолды күрделі жөндеуден өткізуді көздеп отыр.

Соңғы кезде Орал қаласында жер қазу жұмыстары тұрғындар үшін қолайсыздық туғызғаны белгілі. Кейбір жерлерде бұл шаруалар біте келсе, Жәңгір хан көшесіндегі қосалқы коллекторды қайта құру жұмысы қараша айының соңына қарай аяқталмақ. Бірақ негізгі коллектор Әзірбайжан көшесімен тартылғандықтан, бұл тұрғындар өміріне әсер етпейді.

«Жайықжылуқуат» АҚ-ның «ҚазТрансГазАймақ» АҚ алдындағы қарызы өткен жылғы қазанда 700 млн. теңгені құраса, биылғы берешек 250 млн. теңге болып отыр.

Облыс әкімдігі «Жайықмұнай» компаниясымен 50 млн. текше метр газды екі жылға арзандатылған бағамен беру жөнінде келісті. Осы шараның нәтижесінде газ бағасы жыл аяғына дейін өспейді.

А.Бадашевтің сөзіне қарағанда, облыс орталығында жылу желілерін қайта құру, коллектор жөндеу жұмыстары 2014 жылы да жалғасады. Су құбырларын жөндеу басталады, соның ішінде Алматы көшесінде бұл жұмыс біткеннен кейін жол қалпына келтіріледі. Ақсай қаласында да бірнеше ірі жобаны жүзеге асыру көзделуде, соның қатарында 4 және 5-шағынаудандардағы жылу желілерін қайта құру мен коллекторды жөндеу бар.

Соңғы жаңалықтар