Оралдағы негізгі проблеманың бірі – инженерлік желілердің тозуы

Миржан Сатқанов
Фото: Орал қаласының әкімдігі/Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласындағы өзекті мәселелер қалай шешіліп жатыр? Облыс орталығының қат-қабат тіршілігінде қандай жайттарға баса назар аудару керек? Қыс мезгілінде апатты жағдайлар болмауы үшін не істеледі? Міне, осындай сауалдар төңірегінде Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов Kazinform тілшісіне сұхбат берді.

Орал
Фото: Орал қаласы әкімдігі

- Миржан Мұнайдарұлы, Орал қаласындағы басты проблемалар деп нені айтар едіңіз? 

- Орал қаласындағы негізгі проблемалардың бірі – инженерлік желілердің тозуы. Су, жарық, жылу сияқты негізгі коммуналдық қызметтермен үздіксіз қамтамасыз ету тұрғындардың әл-ауқатын арттырудың маңызды шарты екендігі белгілі. Осы бағытта бірқатар маңызды жобаны қолға алдық.

Халық жиі көтеретін тағы бір мәселе – жол. Бүгінгі таңда Орал қаласы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 690 шақырым болса, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың ұзындығы – 409,6 шақырым. Өткен жылы жалпы ұзындығы 54 шақырым жолды жөндеу жұмысын аяқтадық. Биыл да көше жолдарының сапасын жақсарту мақсатында осы істі жалғастырамыз.

Қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыру да – күн тәртібіндегі маңызды мәселе. Қазір барлық маршруттарда жолақы төлеудің электронды жүйесі енгізілді. Нәтижесінде, тасымалдаушылардың кіріс бөлігі, бюджетке салықтық түсім өсіп, жұмыс орны көбейді. Автобус паркін жаңарту жақсарып келеді. Соңғы екі жылда 160-тан астам автобус сатып алынып, қалалық автобус паркі 50 пайызға жуық жаңарды.

- Облыс орталығында тозығы жеткен электр қуаты, жылу және сумен қамту желілерін жаңарту бағытында не істеліп жатыр?

- Қалалық электр станциясының тозуы 75 пайыз болып отыр. Жыл сайын Оралда электр желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. 2023 жылы 120 км желі ауыстырылды. Инвестициялық бағдарламалар арқылы қосымша 9,3 км желі ауыстырылған. Қаладағы электр желілері мен жабдықтардың тозуын азайту шаралары «Батыс Қазақстан облысын кешенді дамыту жоспарына» енгізілді. Бұл мақсатқа алдағы үш жылда республикалық бюджеттен 7,5 миллиард теңге қаражатты бөлу жоспарланған.

Өткен жылы Орал қаласының жылу-электр орталығын жаңғырту мақсатында 4 ірі жоба жүзеге асты. Бұл – Зачаган кентінде Ғалымдар ауылы көшесіне жаңа қазандық салу, Мұрат Мөңкеұлы көшесіндегі №3 қазандықтың жылу құбырларын ауыстыру, жылу-электр орталығынының тарату құрылғыларын жаңарту және жаңа градирняның құрылысы сияқты жобалар. Қазіргі уақытта 2 жылу магистралын реконструкциялау бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайын. Оған қоса тағы 3 жылу магистралі бойынша құжаттамалар жасақталып жатыр. Сонымен қатар биыл жылу желілерін, жылу агрегаттарын, турбоагрегаттарды жаңарту бойынша бірқатар жұмыс жоспарланған. Мұның барлығы – жылу электр орталығының тозуын азайту бағытындағы шаралар.

Жуырда 6 су жинау ұңғымасының құрылысы аяқталды. Нәтижесінде өндірілетін су көлемі қосымша 9 мың текше метрге ұлғайды. Жаңадан тағы 5 су ұңғымасын салу бойынша жоба жасақталды. Сондай-ақ Камен топтық су құбырын жаңарту жобасы сараптамадан шықты.

Су бұру желілерінде, атап айтқанда №21, №2 және №3 кәріз-сорғы станцияларында реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар 5 станцияны қайта құру үшін жобалық-сметалық құжаттамалар жасақталады.

«БҚО әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» аясында 45,7 млрд теңгеге су бұру және сумен жабдықтау желілерін жаңарту көзделген. Нәтижесінде сумен жабдықтау желілерінің тозуын 60,5 пайыздан 55,5 пайызға, су бұру желілерінің тозуын 61,3 пайыздан 57 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр.

Орал
Фото: Орал қаласы әкімдігі

- Қаржы бөлінсе, жақсы екен. Өйткені, таяуда қала орталығында жер астындағы салқын су құбыры жарылып, сол аудандағы көпқабатты үйлер біраз уақыт сусыз қалды. Сөйтсе, бұл құбырлар өткен ғасырдың 70-жылдары салынған болып шықты. Осындай су желілері де ауыстырылатын шығар?

- Иә, қаламызда өткен ғасырда салынып, тозығы жеткен су құбыры көп. Оларды жыл сайын біртіндеп ауыстыру жұмысын жүргізіп келеміз. Жаңа айтып өткен ірі жобалардан бөлек «Батыс су арнасы» коммуналдық мекемесі биыл шаһарымыздың ескі орталық бөлігі мен солтүстік-шығыс аудандарындағы бірқатар су құбырын жөндемек. Жоспарға сәйкес 2024 жылы 13 жоба бойынша жалпы ұзындығы 7 шақырымға жуық сумен жабдықтау құбырлары жаңаға алмастырылады.

- Құлау қаупі бар мектептер мен тұрғын үйлер мәселесі қалай шешіледі?

- Қазіргі уақытта Орал қаласында апатты деп танылған мектеп жоқ. Алайда техникалық сараптама қорытындысына сәйкес №3, 22, 27, 43 мектептері және №7 мен №36 мектептердің қосымша ғимараты апат алдында деп танылған. Бүгінгі таңда оларды күрделі жөндеу немесе орнына жаңа мектептер салу мәселесі қарастырылып жатыр. Жалпы, халық саны көбейген сайын жаңа мектептерді салудың өзектілігі артады. Қаламызда мектеп тапшылығын шешуге берілген зор мүмкіндік – «Жайлы мектеп» жобасы. 2023-2025 жылдары Орал қаласында аталған жоба аясында 9 900 орынға арналған 9 мектептің құрылысы ойластырылады. Күні бүгінге Зачаган кентінде 2 мектеп, Деркөл кентінде 1 мектеп салынып жатыр.

Бұл жобадан бөлек Орал қаласында №31 мектептің құрылысы басталса, алдағы уақытта №8 мектептің жаңа ғимаратының құрылысы жоспарланған.

Оралда апатты деп танылған үйлердің мәселесі шешілуде. Бұған «Реновация» бағдарламасы үлкен септігін тигізіп отыр. Қала бойынша 54 апатты үй және 310 ескі үй бар. Күні бүгінге 25 апатты үй бұзылып, олардың орнына 14 жаңа үй пайдалануға берілді. Қазіргі таңда «Реновация» бағдарламасы арқылы 8 үй салынып жатыр. Аталған бағдарламаға қатысу үшін тұрғындардың 100 пайыз келісімі қажет. Бағдарламаның нәтижелі жүзеге асуы апатты үй тұрғындарының белсенділігіне байланысты дер едім.

жол
Фото: Орал қаласы әкімдігі

- Биыл қалада жол құрылысына қанша қаражат бөлінді және қай көшелерде жөндеу жүргізілмек?

- Біз жыл сайын қаланың әр ауданынан, әр кенттен кемінде 3-4 көшеден жөндеп отыруға тырысамыз. Жаңа атап өткенімдей, 2023 жылы 50 шақырымнан астам жол жөндеуден өтті. Қазіргі таңда ұзындығы 152,1 шақырым болатын 61 жобаның жобалық-сметалық құжаттамалары дайын. Оның ішінде 30 реконструкция, 5 күрделі жөндеу, 22 орташа жөндеу және 4 ағымдағы жөндеу жобалары бар. Жол жөндеу жұмысымен қаланың барлық аудандары қамтылады. Сонымен қатар қалаға қарасты кенттердің жолдарын жақсартуға да көңіл бөлеміз. Мәселен, Зачаган кенті бойынша 9 жоба, Деркөл кенті бойынша 6 жоба, Круглоозерный кенті бойынша 3 жоба жасақталды. Бұл жобалардың барлығын жүзеге асыру үшін 17,6 млрд теңге қажет. Қаражаттың бөлінуіне қарай жол жөндеу жұмысын жүргізе береміз.

Бұдан бөлек қазіргі уақытта ұзындығы 4,45 км құрайтын 11 жобаға тиісті құжаттамалар жасақталып жатыр.

- Халық қатысатын бюджет туралы айта кетсеңіз?

- Шаһарымызды абаттандыруға «Халық қатысатын бюджет» жобасы көп септігін тигізіп отыр. Мұнда оралдықтар қаламыз үшін ең өзекті, маңызды әрі қажетті жобаларды өздері ұсынып, дауыс беру арқылы анықтайды. Өткен жылы осы тәсілмен жаңа скверлер салу немесе қолданыстағы демалыс аймақтарын жөндеуге қатысты 7 жоба таңдап алынды. Барлығы да жүзеге асырыла бастады. Орал қаласында «Халық қатысатын бюджет» жобасы арқылы 2021 жылы 2 жоба, 2022 жылы 2 жоба жүзеге асырылған болатын. Биыл да тұрғындардан ұсыныстар қабылданды. Жоба талаптарына сәйкес келетін ұсынымдар дауыс беруге жіберіледі.

сквер
Фото: Орал қаласы әкімдігі

Жалпы, қалада 54 саябақ пен сквер болса, оның 35-і абаттандырылған. 2023 жылы Зачаган кентінде, №44 мектеп маңында және М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің жанында 3 жаңа сквер салу бойынша жұмыстарды бастаған едік. Оның біреуі аяқталды, қалған екеуін биыл аяқтаймыз. Бұдан басқа тағы алты жерде жаңа демалыс аймақтарын абаттандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайын.

аула
Фото: Орал қаласы әкімдігі

Оралдықтар соңғы жылдары Жайық өзенінің жағалауын абаттандыру мәселесін жиі көтеріп жүр. Бұл аймақты толықтай реконструкция жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақталып жатыр. Жоба бойынша жағалауды Ескі соборға дейін ұзарту қарастырылған. Сондай-ақ жағалау маңында футбол, волейбол, воркаут аумақтары, балалар ойын алаңдары болады.

Орал
Фото: Орал қаласы әкімдігі

- Тағы бір аса маңызды мәселе, тұрғын үй құрылысы үшін жер кезегінде тұрғандар жайы жөнінде не айтар едіңіз?

- Орал қаласы бойынша жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға арнайы есепте 109 560 азамат тіркелген. Есепте тұрған барлық азаматтардың өтінішін қанағаттандыру – күрделі мәселе. Жер учаскесін беру үшін ол жерге барлық қажетті инженерлік желілерді тарту қажет. Бұл қомақты қаражатты талап етеді. Тұрғын үйлер салынған соң, жер учаскелері берілген ауданға жол салу, қоғамдық көлік апару қажеттілігі туындайды. Қаламыздың аумағы «Жұлдыз» шағынауданынан бастап Серебряков ауылына дейін созылып жатыр. Аумақты одан әрі кеңейту тиімсіз деп санаймын.

2022 жылы Круглоозерный кенті аумағынан жеке тұрғын үй құрылысы үшін кезекте тұрған азаматтарға жер учаскесін беруді егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы дайындалып, инженерлік желілер жүргізілді. Жоба бойынша барлығы 929 жер телімі арнайы есепте тұрған азаматтарға кезекпен беріліп жатыр.

- Өткен жылдары өзен жайылмалары мен орман қоры аумағынан заңсыз берілген жер телімдері, сондай-ақ заңсыз тұрғын үй құрылысы деректері енді белгілі болып жатыр. Бұған не айтар едіңіз?

- 2014-2015 жылдары Орал қаласы әкімдігінің қаулысы негізінде «Венера» бау-бақша серіктестігінен аумағы 6 га болатын 50-ге жуық жер учаскесі жекеменшікке берілді. 2018 жылы «Спецстройсервис» ЖШС «Южное» кен орнында құм-қиыршық тас қоспасы мен құмды өндіруге облыстық жер қатынастары басқармасымен келісімшарт жасасты. Демек, 2014-2015 жылдары бау-бақша серіктестігінде көрсетілген жер учаскелерін беру кезінде бұл жерде карьер болған жоқ. 2018 жылы «Спецстройсервис» ЖШС жер учаскесінің актісі болмауына қарамастан, құм-қиыршық тас қоспасын өндіру және құрылыс құмын шығару бойынша жұмыстарды бастады, осыған байланысты карьер пайда болды. Кейін мемлекеттік актіні ресімдеу, жерге орналастыру жобасын әзірлеу кезінде саяжай учаскелерінің жеріне қабаттасқаны анықталды.

«Спецстройсервис» ЖШС мен жер учаскелерінің иелері арасында бірнеше рет сот процесі болды. Онда жер иелері сотта жеңіске жетіп, «Спецстройсервис» ЖШС-ні бәрін бастапқы қалпына келтіруге мәжбүр етті. Қысқаша қайырғанда, жағдай осылай болып отыр.

- Әңгімеңізге рахмет. Біраз өзекті мәселені қамтыған сияқтымыз, қызметіңізге табыс тілеймін.

Соңғы жаңалықтар