Оралдағы С.Сейфуллин атындағы білімнің қара шаңырағы биыл өзінің 90 жылдығын атап өтеді - Е.Сапаров

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бүгін Білім күніне орай Орал қаласындағы дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернаты кешенінде болып, ұстаздар қауымы мен ата-аналарды, оқушыларды мерекемен құттықтады.
None
None

Өңір басшысының атап өткеніндей, Елбасы тапсырмасына сәйкес жергілікті билік тарапынан білім саласына айрықша назар аударылып, барынша жағдай жасалуда. Соның дәлеліндей, білім саласына биыл облыстық бюджеттен 40 миллиардтай теңге бөлінді. Бұл қаржыға жаңа білім нысандары салынып, бірқатары күрделі жөндеуден өткізілуде, мектептердің материалдық-техникалық базасы нығайтылып, осы заманғы құрал-жабдықтар алынуда. Күні бүгін Орал қаласына қарасты Зачаган кентінде 1200 орындық, Жаңақала ауданы Жаңақала ауылында 100 орындық интернатымен 600 оқушылық мектептер салынуда.

Республикадағы таңдаулы білім ордаларының қатарынан үзбей орын алып келе жатқан №11 облыстық мектеп-интернаты кешенінің де жетістіктері аз емес. Биыл мектепті 56 түлек бітірсе, соның 32-сі білім грантының иегері атанды. Төрт түлек Назарбаев университетіне оқуға түсті.

Мектеп директоры, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Ерсайын Сапаровтың айтуынша, Оралдағы білімнің қара шаңырағы биыл өзінің 90 жылдығын атап өтетін болады. Мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің ұсынысымен ашылған мектептің жағдайы жыл санап жақсарып келеді. Өткен оқу жылында білім ордасында 850 шәкірт білім алса, биыл да сол шамада оқушылар мектеп табалдырығын аттады.

Облыстағы барлық мектептерде, оқу орындарында Білім күні салтанатпен аталып өтілді.

Соңғы жаңалықтар