12:53, 18 Қараша 2022 | GMT +5
Оралдан ұшып шыққан ұшақ Ақтөбеге шұғыл қонды, бір адам ауруханада
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралдан Алматыға ұшқан ұшақ шұғыл түрде Ақтөбеге қонды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оралдан ұшқан FlyArystan ұшағы Алматыға 18 қараша күні сағат 06.15-те жетуі керек еді.
Алайда бір жолаушы өзін жайсыз сезінгендіктен, ұшақ амалсыздан Ақтөбеге қонды.
ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Оралдан Алматыға бет алған ұшақ 18 қараша күні сағат 05.20-да Ақтөбе қаласындағы әуежайға қонды.
«Ақтөбеге қонуының себебі – 1963 жылы туған ер адамның денсаулығы нашарлаған. Ол Ақтөбе қаласындағы жедел жәрдем ауруханасына жатқызылды», - деп хабарлады ведомстводан.
Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Шамалған станциясында жолаушылар пойызының ер адамды қағып кеткенін жазған болатынбыз.