Оралдық азаматша 14 жыл бұрынғы кісі өлтіру бойынша полицияға өз еркімен келді

АСТАНА. 28 тамыз. ҚазАқпарат - Орал қаласында 31 жастағы әйел адам кісі өлтіргенін мойындап, полицияға өз еркімен келген.

Оралдық азаматша 14 жыл бұрынғы кісі өлтіру бойынша полицияға өз еркімен келді

Ол 1999 жылдың мамыр айында Зеленов ауданына қарасты Ливкино кентінде жанжал себебінен 1958 жылғы ағайынын пышақтап өлтіріп, қылмыстық істің ізін жасыру мақсатында мәйітті адам тұрмайтын үйдің бақшасына көміп кеткенін айтқан. Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінде хабарланды.

Тергеу барысында қыз баланың оқиға орын алған уақытта ата-анасымен бірге тұрғандығы, сол кезеңде ағасының ұзақ уақытқа сапарлап келіп, бірақ араққа салынып, көп уақыт өтпей оған қырындай бастағаны анықталды.

«Қыз бала жәбірленушінің басынан күрекпен ұрып, содан соң бірнеше мәрте пышақ салған. Ал ата-анасына ағасының кетіп қалғандығын айтқан. Бірақ оның жоғалып кеткендігі жөнінде ешкім ішкі істер органдарына хабарламаған», - делінген таратылған мәліметте.

Қыз бала тұрмысқа шыққан соң өзінің жұбайына болған жәйт туралы баяндап береді. Ал күйеуі ішіп алған кезінде аталған оқиғаны полицияға хабарлаймын деп қорқытатын көрінеді.

Мәйіт қалдықтары табылды. Күдіктіге «ешқайда кетпеу» туралы қолхат берілген. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.