Оралдықтар қысты шығарып салды (ФОТО)

Алғыс айту күнімен басталған айда содан кейін Халықаралық әйелдер мейрамы тойланса, енді, міне, Масленица қазақ халқының Көрісу айтына ұласып отыр. Көп ұзамай Наурыз мейрамы да есік қақпақ. Осының бәрі ізгілікті, достық пен жақсылықтың үзілмейтінін білдіреді. Елбасының салиқалы саясатына сәйкес Қазақстанда тұратын сан ұлт өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп, мерекелерді де бірге тойлайды.
Масленица бұл жолы да түрлі қызықтарға толы болды. Кәсіпкерлердің күшімен жәрмеңке ұйымдастырылып, онда келушілер құймақтан, басқа да тағамдардан дәм татты. Бір жерде самаурын қайнап, кәуап пісіріліп жатса, екінші жерде түрлі байқауларға кезек беріліп, жеңімпаз-жүлдегерлерге сый-сияпаттар үлестірілді. Сонда-ақ жергілікті әнші-бишілер өз өнерлерін көрсетуден талған жоқ.
Осылайша көтеріңкі көңіл-күймен серуендеген оралдықтар қысты шығарып салды.
Масленица мейрамы аудан-ауылдарда да тойланды.