Оралға қарасты Зашаған кенттік округінің әлеуметтік мүддесі үшін бюджеттен 882 миллионнан астам теңге бөлініп, орнымен игерілді

Зашаған кенттік округінің әкімі Елтай Жаманғариннің ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, соның нәтижесінде жүзеге асқан жобалар округ тұрғындарының ортақ игілігіне айналды. Мәселен, бір жаздың өзінде үш көшенің 12 шақырымына қатқыл табанды жол төселді. Соңғы бірер жылда округ аумағындағы №16 отбасылық-дәрігерлік амбулатория мен №20 мектеп күрделі жөндеуден өткізілсе, №10 мектеп пен «Болашақ», «Жадыра» және «Алтын сақа» балабақшалары жаңадан іске қосылды. Бір жылда үш балабақшаның пайдалануға берілуі 1 мыңға жуық балдырғанның көзқуанышына айналды. Сондай-ақ 200 орындық балалар ауруханасы да бой көтеріп келеді. Бүгіндері «Арман» ауылында жаяу жүргіншілер үшін арнайы салынып жатқан көпір құрылысы аяқталуға таяу.
2009 жылы Сарытау ауылына көгілдір отын тармағы, ал Болашақ, Балауса, Кеңдала, Көктем ауылдарына электр желісі жеткізілсе, Жақсыауыл мен Коминтернге қатысты су құбырлары күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ Жәңгір хан көшесі мен Саратов бағытындағы күре жолдың қаладан шыға берісіне ұзын саны 160 жаңа жарық нүктесі орнатылды. Бұған қоса көп қабатты үйлерге тиесілі 5 аула абаттандырылды. Кент аумағында бұрын бар болғаны 68 контейнер болса, бүгінде олардың саны 220-ға жетті. Су құбырларын жаңартып-жаңғыртуға қоса, сыйымдылығы 2000 текше метрлік екі су резервуарының іске қосылуы Зашағандағы көп қабаты үйлерді қысы-жазы салқын сумен қамтуды жақсартты.
Жол жөндеу және басқа жұмыстар биыл да жалғасатын болады.