Оралхан Бөкейдің таңдамалары шығармалар жинағы шықты

Ол дарынды қаламгер Оралхан Бөкейдің туғанына 70 жыл толуына орайластырылып отыр.
1970 жылы шыққан «Қамшыгер» деп аталатын алғашқы жинағымен жұртшылықты елең еткізген жазушының есімін «Үркер» (1971), «Қайдасың, қасқа құлыным?» (1973), «Мұзтау» (1975) деп аталатын әңгімелер мен повестері жалпақ жұртқа жария етті. Одан кейін «Ән салады шағылдар» (1978), «Үркер ауып барады» (1981), «Біздің жақта қыс ұзақ» (1984), «Ұйқым келмейді» (1987) деген туындыларын өмірге әкелген О.Бөкейдің 1986 жылы «Құлыным менің» деп аталатын драмалық шығармасы жарыққа шықты. Оның «Құлыным менің» (1974), «Текетірес» (1976), «Қар қызы» 1982), «Зымырайды поездар» (1984), «Жау тылындағы бала» (1985), «Мен сізден қорқамын» (1987) пьесалары қазақ және орыс тілдерінде республикалық, облыстық, сондай-ақ бұрынғы одақтас республикалар театрларында қойылды. «Құлыным менің» пьесасы үшін 1976 жылы ҚР Жастар сыйлығының лауреаты, 1978 жылы «Найзағай ізі» повестері мен әңгімелері үшін Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың лауреаты, 1986 жылы «Біздің жақта қыс ұзақ» повестері мен әңгімелері үшін Абай атындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған жазушының көптеген шығармалары орыс, ағылшын, француз, неміс, жапон, араб, қытай және басқа шетел тілдеріне аударылды. «Кісікиік» (1985, режиссері М.Самағұлов), «Сайтан көпір» (1986, режиссері Д.Манабаев) көркем фильмдері және «Кербұғы» (1986, балетмейстер б.Аюханов) балеті қойылды. Артында қолжазба күйінде аяқталмай қалған «Алданған ұрпақ» деп аталатын трилогиялық романын қалдырған О.Бөкейдің 1994 жылы повестерінің «Таңдамалы» деген атпен 1 томы, ал 1996 жылы повестері мен романдарының 2 томы «Жазушы» баспасынан жарық көрген болатын.