Оралмандарға азаматтық алуды ықтияр хат алғаннан кейін бірден беру ұсынылады - Т. Дүйсенова

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оралмандарға азаматтық алу құқығы туындайтын мерзімді барынша қысқарту, мәселен ықтияр хат алғаннан кейін бірден беру ұсынылады. Бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан көші-қон үдерістеріне арналған дөңгелек үстел барысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова осылай мәлімдеді.
None
None

«Ел аумағы бойынша оралмандарды қоныстандыру саясаты, оралман мәртебесі туралы мәселелерді, оларды әлеуметтік қамсыздандыру және азаматтық алу құқығын қайта қарастыру қажет. Бұл ретте Қазақстан Республикасының аумағына келген барлық этникалық қазақтарға оралман мәртебесін беру қоныстандыру өңіріне қарамастан жүзеге асуы шарт. Қазіргі таңда оралман мәртебесі Үкімет айқындаған өңірлерге келген этникалық қазақтарға ғана беріліп келеді. Екіншіден, жұмыспен қамтудың белсенді шаралары шеңберінде әлеуметтік көмекті Үкімет айқындаған өңірлерге көшіп келген оралмандарға көрсету. Соның ішінде оралман мәртебесін алған күннен бастап бір жылдың ішінде басқа өңірлерден көшіп келгендерге осыны қарастыру керек», - деді министр Тамара Дүйсенова. Бұл ретте әлеуметтік көмекті Үкімет белгілеген қоныстану аймақтарына елдегі басқа аймақтардан көшіп келген оралман ала алады. Алайда, бұл аймақтардан бес жыл толмай шығып кеткен жағдайда әлеуметтік пакет мемлекет пайдасына қайтарылатын болады.

«Азаматтық алу құқығы туындайтын мерзімді барынша қысқарту, яғни ықтияр хат алғаннан кейін бірден беру ұсынылады. Бүгінгі күні ол ықтияр хат алғаннан кейінгі төрт жылдан соң деп қарастырылған. Сонымен қатар, оралман мәртебесін беру жеті жылдан бір жылға қысқартылады», - деді Т. Дүйсенова.

Оның сөзіне қарағанда, оралман мәртебесін алған күннен бастап бір жылдың ішінде азаматтық алуға өтініш бермеген жағдайда, олардың елімізде болуы шетелдік азаматтардың елімізде болуына ұқсас қарастырылады.

Соңғы жаңалықтар