«Ордабасы» бүгін Конференция лигасында алғашқы ойынын өткізеді

АСТАНА. KAZINFORM — Шымкенттік «Ордабасы» футбол командасы UEFA Конференция лигасы бірінші іріктеу кезеңінде бүгін Грузияның «Торпедо» (Кутаиси) командасымен кездеседі.

«Ордабасы» бүгін Конференция лигасында алғашқы ойынын өткізеді
Фото: arena.olimpbet.kz

Кездесу қазақстандық уақытпен 22:00–де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

«Торпедо» командасы 1946 жылы құрылған. Грузияның Умаглеси лигасында 1999/00, 2000/01, 2001/02, 2017 жылдары чемпион атағына қол жеткізді. Былтыр өз елінде күміс жүлдегер атанды. 

Аталған команда еурокубок ойындарында қазақстандық клубтармен үш мәрте кездесті. Алдымен 2012 жылы Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңінде «Ақтөбеге» (1:1, 0:1) жол берсе, одан кейін «Ордабасыға» (0:2, 0:1) қарсы тұра алған жоқ.

Ал 2023 жылы Конференция лигасында тағы да «Ақтөбеге» (1:4, 2:1) есе жіберіп қойды.
Қарымта кездесу 17 шілдеде Шымкент қаласында өткізіледі.

Еске салсақ, бұдан бұрын алматылық «Қайрат» UEFA Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу кезеңінде сырт алаңда Словенияның «Олимпия» клубымен 1:1 есебімен тең ойнады.

Айта кетсек, аталған турнирде елордалық «Астана» еурокубокты екінші іріктеу кезеңінен бастайды.Сондай-ақ Еуропа лигасында еліміздің атынан «Ақтөбе» сынға түседі.

Соңғы жаңалықтар