«Ордабасы» өз алаңында «Тобылдан» басым түсті
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының VIII турын «Ордабасы» (Шымкент) мен «Тобыл» (Қостанай) командалары түйіндеді.
Қостанайлық клуб аталған турға дейін бірде-бір ойында жеңілген жоқ еді. Алты кездесудің үшеуінде жеңіске жетіп, үшеуінде тең түскен болатын.
Ойын барысында командалар бір-бірінің қақпасына жиі шабуылдады. Десе де алғашқы жиырма минутта таблодағы есеп өзгеріссіз қалды.
«Ордабасы» сапынан Артем Беседин 21-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Бұдан кейін қостанайлық клуб таразы басын теңестіруге ұмтылды. Соған қарамастан өз мақсатына жете алмады.
Екінші кезеңде ойын барысында ешқандай өзгеріс тіркелмеді.
Осылайша «Ордабасы» қарсыласын 1:0 есебімен жеңіп, турнир кестесінде бесінші орынға көтерілді.
Айта кетсек, бұған дейін 11 мамырда «Жетісу» сырт алаңда «Тұранды» 3:2, «Ақтөбе» «Қызылжарды» 2:0, «Елімай» өз алаңында «Шахтерді» 2:1 есебімен жеңіп кетті.
Сондай-ақ, бүгін «Қайрат» «Жеңісті» 2:0 есебімен тізе бүктірсе, «Астана» мен «Қайсар» 1:1 есебіне қанағат білдірді.