«Ордабасының» бас бапкері болып бельгиялық маман тағайындалды

АСТАНА. KAZINFORM — Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубының бас бапкері болып 44 жастағы бельгиялық маман Карел Герартс тағайындалды.

Ордабасы
Фото: instagram/Ордабасы

— Карел Герартс — «Ордабасының» жаңа бас бапкері. Ол бұған дейін «Юнион», «Шальке» және «Реймс» клубтарын жаттықтырған, — деп жазды әлеуметтік желіде клубтың амбассадоры әрі тең иесі Бейбіт Әлібеков.

Карел Герартс Бельгияның «Юнион» клубын 57 матчта жаттықтырып, команданы Еуропа лигасының ширек финалына шығарды. Кейін Германияның «Шальке» клубын 33 кездесуде басқарды. Маманның кейінгі жұмыс орны Францияның «Реймс» клубы болды. Бұл командамен 40 матч өткізген ол 2026 жылғы мамырда клубтан кетті.

Айта кетейік, 2026 жылғы маусымда молдовалық маман Андрей Мартиннің жетекшілігімен «Ордабасы» клуб тарихында алғаш рет «алтын дубль» жасады. Шымкенттік команда Қазақстан чемпионатында жеңіске жетіп, Түркістанда өткен ел кубогының финалында қызылордалық «Қайсарды» 4:1 есебімен ойсырата ұтты.

Еске салайық, бұған дейін «Ордабасыны» биыл чемпиондыққа жеткізген Андрей Мартин қызметінен кеткенін хабарлаған едік.