Органикалық өнім өндіретін кәсіпкерлерге қолайлы жағдайлар жасалады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Органикалық өнім өндіру туралы» ҚР Заңы қабылданды. Құжат Елбасының бес институционалдық реформасы аясындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға бағытталады. Құжатқа Мәжілістің бір топ депутаттары бастамашылық жасаған болатын.
None
None

«Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын, әсіресе, ауыл шаруашылығы өніміне өсіп отырған жаһандық сұраныс жағдайында ауқымды жаңғырту қажеттігін айтып, экологиялылыққа баса назар аудара отырып, ұлттық бәсекеге қабілетті брендтер құруды тапсырған болатын. Осыған орай, заң жобасы елімізде органикалық өнім өндіруді дамыту үшін қолайлы жағдайды қалыптастыруға, табиғи ресурстарды сақтауға, тамақ өнімдерінің сапасын арттыруға бағытталады. Бұдан бөлек, қазақстандық сапалы, экологиялық таза азықтық өнімдердің экспортын ұлғайту шаралары көзделеді», - деді заң жобасына бастамашылық жасаған депутаттың бірі Төлеген Ибраев. Оның айтуынша, соңғы жылдары органикалық өнім өндіру дүниежүзінде қарқынды дамып отыр. Сарапшылардың есептеуінше, кейінгі онжылдықта органикалық өнім көлемі дүниежүзі бойынша 250 млрд долларға немесе 14 есеге өскен. Ал ондай өнімді ең көп тұтынатын Еуропалық Одақ пен АҚШ, Канада секілді елдер болып келген. Дегенмен, соңғы жылдары Оңтүстік Американың біраз елдері, Африка елдерінде, Қытай, Үндістан мен Индонезияда белсенді дамып отыр. Айта кетерлігі, бүгінгі таңда Қазақстанда органикалық егін шаруашылығы үшін 300 мың гектар жер пайдаланылады. Дегенмен, Қазақстанда органикалық өнімдер үлесіне елдегі барлық тұтынылатын өнімнің шамамен 0,1 пайызы келеді. «Осыған орай, заң органикалық өнім өндіруді ұйымдастыру бойынша Үкіметтің және жергілікті билік органдардың жұмысын реттеу, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауды көздейді. Бұған еліміздің жағдайы да мүмкіндігі де зор», - дейді депутат. Бұл ретте құжат бойынша органикалық өнім өндірушілер, өзге де жеке және заңды тұлғалар, органикалық өнім мен шикізаттарды өндіру, қайта өңдеу, сәйкестігін растау, таңбалау қарастырылады. Халықтың денсаулығын және қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын ескере отырып, органикалық өнім өндіруге талаптар қойылады. Жабайы өсімдіктерді өңдеудің химиялық әдістерін болғызбау жағдайлары қарастырылады. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік органдардың бақылау қадағалау функциялары нақтыланады.

Соңғы жаңалықтар