Органикалық өнім өндірісі Қазақстан үшін екінші мұнай бола алады - А.Омаров

«Әлемде тұтыну көлемі артып келеді. Өйткені, халық саны үздіксіз өсу үстінде және Қазақстан үшін органикалық өнімдер екінші мұнай бола алар еді. Мен әріптестеріме осы жайында ойлануға кеңес беремін. Себебі Үндістан, Қытай халқы өсуде. Өздеріңіз де білетіндей, Қытайда екінші баланың тууына рұқсат беретін заң таяуда ғана қабылданды. Соған сәйкес демографиялық дүмпу болатындығы күтілуде», - деді ол.
Оның атап өтуінше, өткен жылы Қазақстаннан Қытайға жеткізілген азық-түлік тауарлары экспортының көлемі 106 млн. доллардан сәл ғана асқан. Ал Қытайдың шетелдерден алатын азық-түлік өнімдерінің көлемі 104 млрд. долларға жетіп отыр. яғни, Қытай импортындағы Қазақстан экспортының үлесі не бәрі 0,1 пайызды ғана құрады.
«Мұнан бөлек, Азия мен Таяу Шығыс бар. Демек, бүкіл әлемге экспортқа шығаруда қазақстандық агробизнестің мүмкіншілігі өте зор», - деді ол.
Сондықтан да А.Омаров қазақстандық кәсіпкерлер тарихи тұрғыда сауда-саттық қарым-қатынас жолға қойылған көрші елдердің нарығына назар аударуы қажеттігін баса айтты және қазақстандық компаниялар шығаратын өнімдерінің бәсекеге қабілеттігін артыруы керектігін ескертті.