12:19, 24 Ақпан 2009 | GMT +5
«Өркен-Атансор» кенішінде жаңа фабрика құрылысына 35 миллион АҚШ доллары жұмсалады
КӨКШЕТАУ. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысына қарасты Еңбекшілдер ауданы аумағындағы «Өркен-Атансор» кенішінде жаңа фабрика құрылысына 35 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылатын болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.2010 жылы іске қосылуға тиісті жаңа өндіріс орны кеніште өндірілген шикізатты алғашқы өңдеуден өткізуге, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік тудырмақ. Бүгінде кәсіпорында 470 адам жұмыспен қамтамасыз етіліп, олардың орташа айлық табыстары 64 мың теңгені құрап отыр. Мұндағы кен байлығының қоры 60 миллион тоннадан астам. Озық технология мен жаңа техникаларды пайдалану арқылы жылына бір жарым миллион тонадан астам кен өндіріліп, негізгі тұтынушы Теміртау металлургия комбинатына жөнелтіледі. Қазіргі әлемдік экономикалық дағдарыс кезінде де кәсіпорында жұмысшыларды себепсіз қысқарту, еңбек заңдылығына кереғар әрекет жасауға тыйым салынған. Жұмысшыларды басқа учаскелерге алмастыру арқылы оларды жұмыспен қамту мәселесі шешімін тауып отыр.