Өркениетті қоғам құру үшін әрбір салық төлеуші жауапкершілікті сезінуі керек – сарапшы
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде жаңа салық кодексі әзірленіп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін өткен Үкімет отырысында дайындалып жатқан құжатқа көңілі толмайтынын айтып, табыс пен мүлікке салық салудың жаңа жүйесін енгізу керектігін мәлім етті. Осы орайда экономика ғылымдарының докторы, Тұран университеті қаржы кафедрасының профессоры Лутпулла Омарбакиевтің пікірін білген едік.
— Бүгінгі Үкімет отырысында Президент салық саласына айрықша тоқталып, «экономика неғұрлым қуатты болса, соғұрлым көп салық түседі» деген қағидатты берік ұстану керектігін айтты. Осы ойға алып-қосарыңыз бар ма?
— Салық реформасын жүргізген кезде оны төлеушінің ойын ескеру керек. Ол дегеніміз — жеке тұлғалар, кәсіпкерлер және бизнес субъектілері. Салық — мемлекеттің бюджетіне түсетін кіріс көзі. Дамыған, өркениетті қоғам құру үшін әрбір салық төлеуші жауапкершілікті сезінуі керек. Мен төлеген салық қоғамды дамытады, өзім тұратын жердің инфрақұрылымын жақсартады деген ойда болу керек. Олай болмаса салық жинау қиын. Мысалы, мобильді аударымдарға қатысты жаңашылдық шыққалы бері кейбір саудагерлер тек қолма қол ақшамен есептесіп жатыр. Бұл — салықтан жалтару, оның ойы — пайда табу, салық төлеуші ретінде қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінбейді және салық мәдениетінің төмендігінің белгісі. Менің ойымша, алдымен салық органдары, жергілікті атқарушы органдар насихаттау жұмысын жүргізу арқылы қарапайым халықтың салық төлеу мәдениетін қалыптастыруы қажет.
— Халық және кәсіпкерлер неге салық төлеуден жалтарады?
— Оның себебі — салық төлеуші мемлекетке төлеп жатқан салығының нәтижесін нақты көре алмайды. Шет мемлекеттерде салықтық мәдениет, салықтық патриотизм өте жоғары деңгейде. ҚР Конституциясының 35-бабында «Салық төлеу — Қазақстан Республикасының әрбір азаматының борышы» деп жазылған. Жалпы «салық» ұғымының мәніне үңілсек, ағылшын тілінде duty — борыш, неміс халқында салық саласында steuer деген ұғым бар, қазақша айтқанда қолдау дегенді білдіреді. Яғни, мен қоғамды, мемлекетті қолдаймын деген сөз. Ал бізде салық төле десе, бірден наразылық туады, өйткені салық төлеуші оның қайда кетіп жатқанын нақты көре алмайды және бәріміз білеміз жиналған салықтар әр түрлі мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін жұмсалып жатыр. Әрине, министрлер, әкімдер және құзырлы органдар бюджетке түсіп жатқан салық бойынша есеп береді, бірақ ол жалпылама, нақтылық жоқ, яғни менің айтайын дегенім, салық төлеуші бюджетке төлеген салығының нақты нәтижесін шет мемлекет салық төлеушісі сияқты көре алмайды. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкімет отырысында айтпағы сол, салық көлемін арттырғанмен, бюджет көбеймейді. Сондықтан құзырлы органдар мәселенің алдын алуы қажет, жиналған салықтар есебінен нақты атқарылған жұмыстарының нәтижесін көрсете білуі керек.
— Жаңа Үкімет Президент сынаған салық саласындағы жағдайды қалай реттегені жөн?
— Бүгін Президент жаңа Үкімет басшысына салық саласына қатысты бірқатар тапсырма жүктеді. Менің ойымша, жаңа Үкімет салық мәселесіне келгенде фискалдық жағын ғана ойламауы керек, яғни салықты жинау.
Бұл жерде салықтың реттеу функциясына назар аудару қажет. Реттеуші функцияның негізін қалаған АҚШ-тағы Калифорния университетінің профессоры, Нобель сыйлығының лауреаты Артур Лаффер. Оның пікірінше, салық ауыртпалығы белгілі бір деңгейден өспеу керек, егер өссе ол кері кетеді, бюджетке түсетін салық азаяды. Сондықтан салық төлеушілерді қаншама қорқыт, жазала, одан пайда жоқ деп есептеймін, есесіне көлеңкелі экономика етек жаяды. Сондықтан менің ҚҚС (қосымша құн салығы) бойынша келесі нақты ұсынысым бар: дамыған мемлекеттер тәжірибесіне сүйене отырып, азық-түлік, дәрі-дәрмек басқа да халыққа күнделікті қажетті тауар өндірушілерге төмендетілген пайыздық салық мөлшерлемесін, қымбат тауарларға жоғарылатылған ставканы (мысалы – ЕуроОдақ елдерінде 25%) белгілесе сән-салтанат (luxury tax) салығын енгізудің қажеті де жоқ, ал бұл екі топқа кірмеген басқа тауарларға стандартты 10-12 пайыз салық мөлшерлемесі енгізілсе дұрыс болады деген ойдамын.
— Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша салық төлеуге жеңілдік берудің салдарынан жыл сайын бюджетке орташа есеппен 7 триллионға жуық теңге кем түседі. Бұл мәселенің шешу жолдары бар ма?
— Бізде білесіз «Ұлттық қор» бар, ол Норвегия мемлекетінің тәжірибесінен алынған. Қазақстанның Ұлттық қоры жер қойнауын пайдаланушылар төлейтін арнайы салықтар мен төлемдер есебінен жиналып жатыр. Президент елімізде жер қойнауын пайдаланушылар біздің байлықты иеленіп алған олигархтар туралы айтқанын да білесіз. Менің ойымша, жер қойнауын пайдаланушыларға салық ауыртпалығының қандай деңгейде екенін қайта есептеп керек. Дамыған мемлекеттерде жер қойнауын пайдаланушыларға салық ауыртпалығы 70 пайызға дейін барады, ал бізде қанша? Осыған назар аудару керек. Қарапайым халыққа түсетін салық жүктемесін азайту керек. Мобильді аударымдарға белгілі бір көлемде шектеу қою арқылы біз кәсіпкерлерді шошытып алдық. Өзін өзі еңбекпен қамтып жүргендерді тексергенше, миллион, миллиардтап табыс тауып жатқандардың заңдылығын тексеру қажет. Менің ойымша, мобильді аударымдар, жаппай декларация асығыс шешім болды, алдымен халықты дайындау керек еді. Түсіндіру, насихаттау жұмысын дұрыс ұйымдастырған жөн енді. Осы аталған мәселелерді қоғамдық ұжымдар, кәсіпкерлер палатасы, салық органдары және басқа да қызығушылық танытқан тараптардың қатысуымен талқыланса, сонда ғана біздің салық жүйеміз әділ болады деп сенемін, яғни біз әлеуметтік теңсіздікті жоямыз деген сөз...
Айта кетейік, Мемлекет басшысы бүгін өткен Үкімет отырысында жаңа салық кодексін әзірлеу барысына көңілі толмайтынын айтқан еді.
Сондай-ақ, Президент салықты жайдан жай көбейтуге болмайтынын баса айтты.