Өркениеттер альянсының ІІІ форумында Қазақстанның ұлтаралық диалогты дамыту тәжірибесі ерекше атап өтілді - Рио-де-Жанейро
Форумға Альянсқа мүше 100 мемлекеттің, оның ішінде Қазақстанның да өкілдері қатысты. Біздің еліміздің атынан мәдениет вице-министрі, Өркениеттер альянсындағы Қазақстанның Ұлттық үйлестірушісі Ғазиз Телебаев бастаған делегация барды. Форум жұмысына алғаш рет Альянс мүшесі ретінде Құрама Штаттар да қатысты, деп хабарлады Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігінің баспасөз қызметінен.
Форумды Бразилия Президенті Луиш Инасиу Лула да Сильва мен БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун ашты. Форумның жұмысына сондай-ақ, Аргентина мен Боливия Президенттері К.Киршнер мен Э.Моралес, Түркия мен Португалия Премьер-Министрлері Р.Ердоған мен Ж.Сократес, ЕҚЫҰ Бас хатшысы М.Бришамбо, Ислам Конференциясы Ұйымының Бас хатшысы Е.Ықсаноғлы, Араб мемлекеттері лигасының Бас хатшысы А.Мұсса, т.б қатысты.
БҰҰ басшысы өз сөзінде, әлемдегі қақтығыстардың төрттен үш бөлігі мәдени қайшылықтардан туындайтынын еске салды. Оның пікірінше, сол түйіндерді шешу үшін, барша халық үшін қоғамды қалай тұрғызуға болады, әйелдердің ролі мен мүмкіндіктерін қалай көтеруге болады, жастарды экстремизмге шақырушы дауыстарды қалай өшіруге болады деген сауалдарға жауап іздеу керек.
Түркия Премьер-Министрі Р.Ердоған өз сөзінде, ядролық қару-жарақсыз әлем құру жолында Өркениеттер альянсының ядролық қауіп-қатерді қысқарту қызметінің маңыздылығын атап көрсетті. Осыған байланысты, форумға қатысушылар әлемде бірінші болып өз ядролық арсеналынан ерікті бас тартқан Қазақстанды мысалға келтірді.
Қазақстан делегациясының басшысы Ғ.Телебаев жиналған шетелдік делегациялардың алдында сөйлеген сөзінде, Өркениеттер альянсы өз алдына қойып отырған міндеттерді шешудегі Қазақстанның жетістіктеріне тоқталып өтті. «Ұлысаралық келісімді нығайту Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының басымдықтарының бірі болып табылады. Біздің елімізде 140 шақты ұлыстың өкілдері өзара келісімде өмір сүруде», - деп атап көрсетті ол.
Форум жиналысына төрағалық еткен Өркениеттер альянсының өкілі, Португалияның бұрынғы президенті Жорже Сампайо Қазақстанның осы бағыттағы жұмысына жоғары баға беріп, біздің еліміздің тәжірибесі Альянс аясында үлкен сұранысқа ие екенін атап көрсетті.
Өркениеттер альянсы Испания мен Түркияның бастамашылығымен құрылған болатын. Оны құру туралы идеяны Испания премьері Х.Л.Сапатеро алғаш рет БҰҰ Бас Ассамблеясының 59-шы сессиясында 2004 жылы қыркүйектің 21-інде жария еткен болатын. Өркениеттер альянсы өз жұмысын БҰҰ аясында атқарады. Келесі форум Катарда өтеді.