Орман қоры жерлері ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер санатына ауыстырыла ма — Бектенов жауабы

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектеновтің Сенат депутаттарының орман қоры жерлерін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер санатына ауыстыру ұсынысына жауап берді. 

орман
Фото: Halyk қоры

— 2025 жылдың соңындағы жағдай бойынша орман қоры жерлерінің жалпы ауданы 23,4 млн гектар (республиканың жер қорының 8,9%-ы). Жер реформасы жылдарында алаң, негізінен, бұрын ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының уақытша пайдалануында болған жерлерді беру есебінен 2,3 есеге ұлғайды. Орман заңнамасына сәйкес орман қоры жерлерінде орналасқан және орман шаруашылығы қажеттіліктері үшін пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы алқаптары жеке және заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатында, соның ішінде жайылым ретінде пайдалану үшін берілуі мүмкін, — деді Премьер-министр.

Үкімет басшысының дерегінше, қазіргі уақытта орман қоры жерлерінің шамамен 29,4 пайызын ауыл шаруашылығы алқаптары алып жатыр. Бұдан бөлек, босалқы жерлер құрамында 83 млн гектарға жуық жер бар. Оның ішінде 60,8 млн гектар — жайылым. Бұл ауыл шаруашылығын дамыту үшін айтарлықтай резерв саналады.

— Жерді қайта бөлуді бақылау жөніндегі республикалық комиссияның қызметі аясында пайдаланылмайтын жерлерді қайтару және оларды ауыл шаруашылығы айналымына тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл жайылым тапшылығын азайтуға ықпал етеді. Баяндалғанды ескере отырып, орман қоры жерлерін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер санатына ауыстыру қазіргі кезеңде мақсатқа сай емес, — деді Олжас Бектенов.

Бұған дейін Ақмола облысының прокуратурасы құны 2,2 млрд теңге болатын орман қорының жер учаскелерін мемлекетке қайтарған еді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум