Орман өрт сөндіру стансаларын ТЖМ қарамағына берген жөн – сарапшы

None
Фото: gov.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Орман шаруашылығы саласының ардагері Юзан Тәңірбергенов Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында Абай облысындағы өртке қатысты ұсыныс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маманға «өрттің алдын алу және оның өршуіне жол бермеуге мүмкіндік болды ма?» деген сауал қойылды.

«Оқиға орнында болмағандықтан нақты ештеңе айта алмаймын. Бірақ, тәжірибеге сүйене отырып, орман шаруашылықтары, резерваттар мен төтенше жағдайлар күштерінің уақтылы хабардар етілмеуі және өзара әрекеттесе алмауы өрттің өрши түсуіне алып келеді. Себебі орман өртінің аумағы 25 га немесе одан да көлемді болған кезде төтенше жағдай жарияланады. Төтенше жағдай жарияланған кезде тілсіз жау 2-3 гектар жерден бастау алып, 100 гектарға жеткен, ол қалай? Бұл жерде өзара іс-қимыл және жүйелі шаралар қажет», - деді Юзан Тәңірбергенов эфир барысында.

Сонымен қатар, орман шаруашылығы маманы салаға өзгерістер бойынша өз ұсынысын айтты.

«Орман өрттерін сөндіру бойынша біз Еуропа, оның ішінде Германияға барып тәжірибе алмастық. Оларда орманшылар орман өртін сөндірумен айналыспайды, олар тек есеп береді, ал өртті кәсіби мамандар сөндіреді. Бізде орманшылар әмбебап - өртті өздері сөндіреді, ағашты өздері отырғызып, күтіп баптайды, сонымен қатар орманды сақтауға жауапты. Бұл жүйені өзгерту керек. Мен орман өрт сөндіру стансаларын (лесхоздарды) штатпен, техника бірліктерімен бірге төтенше жағдайлар қызметіне беруді ұсындым. Орманшылар ағаш отырғызу, оларды баптау және қорғап-сақтаумен айналыссын»,- дейді ол.

Одан бөлек, сарапшы Семей резерватындағы өрттің залалы мен оны қайта қалпына келтіруге қатысты пікірін алға тартты.

«Бүгінде орманның 60 мың гектары өртеніп кетті. Егер жыл сайын 1,5 - 2 мың гектар жерге ағаш отырғызғанның өзінде оны қалпына келтіруге кем дегенде 30 жыл керек. Бірақ қазір өрттің аумағы одан сайын артып жатыр. Орман бұрынғы қалпына келіп, толық қалыптасуы үшін 50-60 жыл қажет», - деді Юзан Тәңірбергенов Jibek Joly телеарнасының эфирінде.


Соңғы жаңалықтар
telegram