Орман отқа оранғанда жүрек те күйді — орманшымен әңгіме
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — «Ертіс орманы» резерватының мамандары табиғи өрттердің салдарынан жанып кеткен 47 мың гектардан астам жерді қайтадан жайқалған жасыл орманға айналдырып үлгерген. Сауабы өлшеусіз бұл игі істің басы-қасында жүрген тәжірибелі мамандардың бірі, орманды қалпына келтіру инженері Ержан Сағадиевті кәсіби мерекесінде әңгіме тарттық.

— Ержан Ғазизұлы, резерваттың Бесқарағай филиалы сонау бір кездері алапат өрттерден талай мәрте зардап шеккеніне куә болғанбыз. Сол ауыртпалық жылдар туралы не айтасыз?
— Қылқан жапырақты жалқарағай ормандары Павлодар мен Абай өңірлерінің аумағын алып жатыр. «Ертіс орман жолағы» өткен ғасырдың 90-шы жылдары мен жаңа ғасырдың басында қалың өрттен көп зиян шеккені рас. Жергілікті тәлімбақтардың заманға сай құрал-жабдықпен қамтылмауы, орман өндірісінің жеткілікті жолға қойылмауы секілді мәселелер 90-жылдардағы алапат өрттерден онсыз да селдір тартқан қара орманның жағдайын ауырлатып жіберді.

Бұл жағдай өңір экологиясы мен табиғи байлығына қаншалықты орасан зор шығын келтірді. Алапат өрттен орманның елеулі бөлігі күйіп кеткенін көз көрді. «Апырау, мына түрімізбен бізден кейінгі ұрпаққа не қалдырамыз», деп күйінген сәттеріміз де аз болмады.
Тек 2003 жылы резерват құрылғанда ормандағы өртті азайтып, ағаш белдеулерін көбейту мақсат етілген еді. Бүгінде сол шығынның басым бөлігі бүтінделе бастағанын көріп көңіліміз марқая түсуде.
— Резерват құрылғаннан бері не тындырдыңыздар?
— Орман шаруашылығындағы қызметім 37 жылдан асады. Сонау 1988 жылы Шығыс Қазақстанда орман ісі бойынша оқу орнын тәмамдап, елге оралған соң бірден Бесқарағай филиалында аға орманшының көмекшісі қызметіне орналастым. Ұзақ жылдар орманшы, аға орманшы, директордың орынбасары, директор және т. б. қызметтерді атқардым. Қазіргі сәтте орманды қалпына келтіру инженерімін. Ұлан-ғайыр орманның қай қиырында жүрсек те, біз үшін ең абыройлы миссия — қылқан жапырақты орман қорын қорғау екенін ұмытпаймыз.

Жалпы «Ертіс орманы» мекемесі Бесқарағай және Шалдай филиалдарынан тұрады. Өзім қызмет ететін Бесқарағай филиалында (аумағы 134 мың гектардан асады) бүгінде 7 орманшылық, бір тұқымбақ бар. 28 гектардан тұратын тұқымбақта жыл сайын қарағай көшеттері отырғызылып, екі жыл толғандары жанып кеткен ормандардың орнына салынады. Орманшылардың күшімен жыл сайын кемі 1200–1300 гектар жерге қарағай көшеттері егіледі. Бұл — шамамен 5-6 млн түп көшет. Көшеттер әбден жайқалып өсіп, жан-жағына бұтағын жайған уақытта мемлекеттік орман қорына тіркеледі.
Яғни жеті жылда 1,5 — 1,7 метрге дейін өсіп, орманның толыққанды бір ағзасына айналады деген сөз. Көшеттердің өміршеңдігін сақтап қалуына кедергі өте көп. Ең әуелі бұл аумақтағы жердің топырағы құмдауыт, ылғал аз. Екіншіден, көктемде қатты ыстық болса жас көшеттер қурап қалуы ықтимал. Оның үстіне далалы жердің аңызақ желі де ауыр тиеді.

Соған қарамастан көшеттердің өміршеңдігін сақтап қалу көрсеткіші 30-40%-дан түсіп көрмеген. Мысал ретінде айтар болсақ, 2020 жылы егілген көшеттердің — 40%-ы, 2021 жылы — 35%-ы, 2022 және 2023 жылдары — 50%-ы, 2024 және 2025 жылдары — 60%-ы тіршілігін сақтап қалған.
— Яғни нәтиже бар ғой?
— Әрине! Жылдар өте ісіміз оңға басып, орманды қорғау ісін нықтағанымыз бір бөлек, қалпына келтіруге бағытталған кешенді іс-шаралар да өз нәтижесін бере бастағанына куә болдық. Сол істің басы-қасында жүргенімді мақтан етемін. Жанып кеткен алқаптар көбіне жан-жағы қорғалмаған жазық жерлер. Ондай жерде қарағай көшеттерінің өсімталдығы қиынға түседі.

Кезінде техниканың аздығынан агротехникалық іс-шараларда ақаулар жиі болды. Тек соңғы жылдары техникаларымыз жаңарып, мүмкіндігіміз молая түскелі ісіміздің нәтижесі айтарлықтай артып отырғанын байқаймыз. Бұл біздің жұмысымызға серпін сыйлап, соңғы уақытта көшеттерді күзде де отырғызатын болдық. Бірақ көшеттерді күзде отырғызудың тәуекелдері бар. Жаңбыр мен қар айтарлықтьай кедергі тудырады. Ал көктемде ылғал мол болғандықтан олардың жерсінуіне, тез жетіліп кетуіне ыңғайлы факторлар баршылық. Оның үстіне өзге өсімдіктер тамырланып кетпей тұрып 10 күн ішінде жоспарлы көлемді егіп тастау қажет. 5-6 млн көшетті аз ғана уақытта отырғызу кейде біздің қызметкерлерімізге қиынға соғады.

— Өртеніп кеткен орманды жерлер қашан толықтай қалпына келеді?
— Бесқарағай филиалының орманшылары алдағы 4-5 жылда зардап шеккен орман бөлігін толықтай қалпына келтіреміз деген мақсат қойып отыр. Бұған күш-қуатымыз да, ресурсымыз да жеткілікті.Соңғы 22 жылда жалпы резерват бойынша ертеректе жанып кеткен 47 178,5 гектар орман қалпына келіпті. Ал біздің филиалда осы уақыт ішінде 23 297 гектар жер қайтадан жасыл желек жамылды. Бұл дегеніміз — жаңадан отырғызылған 116, 5 млн түп қарағай! Бұл — үлкен еңбектің нәтижесі.
Қазіргі уақытта біздің филиалда шамамен 8 мың гектардай қалпына келмеген орман бөлігі тіркелген. Оның үш мың гектарына терек өсіп кеткені байқалады. Қалған бес мың гектар алдағы 5-6 жылда біздің күшімізбен жайқалған орманға айналады деп үміттеніп отырмыз.

— Орманшылар күзде қандай жұмыстармен шұғылданады?
— Күзгі салқында орманшылар қарағай бүршіктерін жинауға кіріседі. Бүршіктер арнайы өңделіп, 60 градусқа дейін қыздырғанда ашылып, ішіндегі тұқымдары түседі. Бір тонна бүршіктен шамаман 800-900 грам тұқым алынады. Оны әрі қарай кептіріп, келер жылға дайындайды. Бұдан бөлек, ағаштарды түгендеу, орман арасын тазарту, жабайы жануарларға қысқы азығын қамту сияқты таусылмайтын шаруалар күтіп тұр.

— Бұл кәсіпті тастап, басқа салаға ауысатын ойыңыз жоқ па?
— Ол туралы ойлап көрмеппін. Орман өмірімнің бір бөлшегіне айналды. Бұйырса, келер жылы зейнет жасына аяқ басамын. Қарағай — киесі бар ағаш. Кейде жұмыстан сілеміз қатып шаршағанда немесе бір жағдаймен көңіл күйіміз дұрыс болмағанда жуан ағаштың діңгегіне арқамызды беріп отыра қаламыз. Сондай сәтте шаршағанымыз басылып, жүйкеміз тыныштала қалады. Құдыреттің күші емей немене, тың әрі таза энергияны сезінесің. Кейбір қарағайлардың жуан болып өсетіндігі соншалық, үш адам қатар тұрғанда құшағымыз жетпейді. Ондай орман батырларының жасы 300 жылдан асып кеткен, биіктігі 25 метрге дейін жетеді.

— Өзіңіз туралы аз-кем айтып өтсеңіз…
— Ұзақ жылғы еңбектегі жетістіктерім және аудандық мәслихаттағы қызметім үшін көптеген ведомстволық марапаттарға ие болдым. Қоғамдық істе де белсенді болуға тырысамын. Кезінде аудандық мәслихатқа депутат болып сайланып, Аққулы ауданының дамуына бір кісідей атсалыстым. Ел тұрғындарына қолдан келген көмегімді беріп, әсіресе, орман саласында талай жыл еңбек етіп, зейнетке шыққан жандарға отын-суын қамдап беріп, жағдайларын жасадым. Ал тәжірибелі маман ретінде соңғы жылдары ондаған маманды орман ісіне баулып, орманшылардың жаңа буынының қалыптасуына аз да болса үлесімді қосып келемін.
Бұл жетістікке жетуіме жан жарым Айнаш Сағадиеваның қосқан үлесі де мол деп есептеймін. Отбасымызда 3 баламызды аман-есен өсіріп жеткіздік. Қазіргі уақытта балалардың барлығы есейіп, өз алдына түтін түтеткен.
Бұған қоса менімен бірге тізе қосып жұмыс істеп келе жатқан замандастарым Ержан Нұранов, Қайыргелді Абжатов, Серік Тілеубердиев, Амантай Сапарғалиев, Мұрат Мамынов, Балтабек Сыздықов, Серік Көбенов сынды азаматтардың адал еңбегін атап өткім келеді.

Еске сала кетейік, «Ертіс орманы» бұлан мен еліктің қысқы азығын қамдап жатыр.