Орманда өрт шығып, айналаны түтін басқанда не істеу керек – дәрігерлер кеңесі

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, орман өрттерінен пайда болған қатты түтін ауаны басқан кезде адамдардың улануына, жүрек-қан тамырлары, өкпе және басқа да созылмалы аурулардың өршуіне әкеліп соғуы мүмкін. Оның алдын алу мақсатында зиянды химиялық заттардың ағзаға түсуін шектейтін профилактикалық іс-шараларға ерекше назар аудару керек.
Орман өртінің түтінінен барынша үлкен қауіпке кім ұшырайды? Олар:
- Өкпенің обструктивті созылмалы ауруы, демікпе немесе жүрек ауруы сияқты арулары бар адамдар;
- Егде жастағы адамдар түтіннен көбірек зардап шегеді. Бұл олардың жүрек және өкпе ауруларына байланысты болуы мүмкін;
- Түтіннің балалар денсаулығына қаупі жоғары. Балалардың тыныс алу жолдары әлі де даму сатысында және олар ересектерге қарағанда дене салмағына қарай көбірек ауа жұтады. Сонымен қатар балалар ашық ауада көбірек уақыт өткізеді;
- Сыртта жұмыс істейтін немесе спортпен белсенді шұғылданатын адамдардың да денсаулығына барынша зиян келу қаупі жоғары.
«Орман өрттерінен шыққан түтіннен зардап шекпес үшін тұрғындарға арналған ұсынымдар: Түтін тұмшалаған далада серуендеуден аулақ болыңыз, өйткені бұл жүрек-қан тамырлары мен тыныс алу жүйесінің жедел және созылмалы ауруларының дамуына түрткі болады. Жүкті әйелдер мен балалар түтінді көшеге мүлдем шықпауы тиіс. Денсаулығында кінараты бар адамдар қажетті дәрі-дәрмектерді өзімен алып жүруі керек. Терезелері жабық үй-жайларда болыңыз. Үйде ауаны мүмкіндігінше таза ұстаңыз. Терезелер мен есіктерді жабыңыз. Кондиционерді қосып, сырттағы түтіннің кіруіне жол бермеңіз», - делінген ақпаратта.
Терезелерге, желдеткіштерге ылғалданған шүберек іліп қойыңыз және оны мезгіл-мезгіл ауыстырыңыз. Көлікте болсаңыз кондиционерді қолданыңыз және терезелерді жабық ұстаңыз.
Үйдегі ауаның ластайтын әрекеттерден аулақ болыңыз. Жанып тұрған шамдар, каминдер және газ плиталары үй-жайлардың ластануын арттыруы мүмкін. Шаңсорғыш үйіңіздің ішіндегі қоқыстарды көтереді, бұл үйдің ластануына ықпал етеді.
Ересектер сұйықтықты тұтынуды тәулігіне 2-3 литрге дейін арттырып, балаларға қайнаған су беру керек, ал сәбилерді жиі емізіп, қосымша тамақтану режимін орнату қажет.
Темекі шегу ауаны одан әрі ластайды. Бастың ауруы сынды көмірқышқыл газымен уланудың алғашқы белгілері пайда болған кезде дереу медициналық көмекке жүгіну керек.