Орманға қауіп: Дала өрттерінің 75 пайызы жай отынан тұтанады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Өткен жылы облыста 207 орман өрті тіркелген. Тілсіз жау 3 905 гектар жердің жасыл жамылғысын жайпап өтті.
Қазіргі уақытта өңірдегі мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы 478 мың гектардан асады. Оның ішінде 274 мың гектары – орман жамылғысы.
Орманшылардың мәліметінше, орман-тоғайда пайда болатын өрт оқиғаларына көбіне найзағай себепкер. Дәйектей айтқанда, дала өрттерінің 75 пайызы жай отынан тұтанады. Былтыр дала өрттерінің 22 жағдайында тілсіз жаудың мемлекеттік орман қоры аумағына өтіп кеткені тіркеліпті. Тағы екі өрт ошағы электр желілерінің үзілуінен пайда болған. Ал жалпы өрттен келген шығын 2 млн теңгеден асқан.
Өңірлік төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденовтің пікірінше, ағаш қорын кәдімгі жайтартқыштарды орнату арқылы сақтап қалуға болады.
«Орманды жерлердің найзағай жиі түсетін учаскелерін зерттеп шығуды ұсынамын. Одан соң жайтартқыштар орнататын аймақтарды талқылап алуымыз қажет. Биыл ормандағы өрт қауіпсіздігі ережелеріне біраз толықтырулар еніп отыр. Соған орай біз өз жұмысымызды алдын алу тұрғысынан жетілдіруіміз керек», - дейді ол.
Қызық болғанда өңірдегі орман-тоғайлы жерлерде бірде-бір жайтартқыш жоқ болып шықты. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаевтың сөзінше, бұл мәселе «Ертіс орманы» резерваты бойынша талай мәрте көтерілген. Ол жердегі ағаш жамылғыларының аумағы өте үлкен.
«Резерватта найзағай түсуден өрт шыққан оқиғалар жиі кездесіп жатады. Бірақ орманның әрбір гектарына жай тартатын құрылғылар орнату мүмкін емес. Орман шаруашылықтарында оны сатып алуға және орнатуға қаражат жоқ», - дейді ол.
Маман күн жылына мекеме қызметкерлері резерват аумағын шолып, талдау жасайтынын, соның нәтижесіне орай қауіпті аймақтарда тым болмағанда 10 жайтартқыш орнатып көретіндерін жеткізді. Баянауылдың таулы аймақтарында мұндай құрылғыларды орнату қиынға соғатыны анық. Жалпы орман арасында мұндай бір жайтартқыш бағанды орнатудың өзіндік құны шамамен 250 мың теңге тұрады.
Айтып өтейік, «Ертіс орманы» резерваты аумағындағы реликті қылқан жапырақты ағаштар еліміздің солтүстік-шығыс өңірінде ғана кездеседі. Ежелгі мұхиттың табанында, құм жалдарында өсіп шыққан Ертіс «орман жолағы» Шалдай және Бесқарағай орман шаруашылықтарынан, оның ішінде 16 орманшылықтан тұрады. Жалпы аумағы 162 мың орман жамылғысы қорғалуы жағынан аса құнды орман алқаптары санатына енеді. Бүгінде резерват аумағында өсімдіктердің 84 түрі тіркелсе, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде флораның алуандығы кеңейіп, 226 түрі анықталыпты. «Қызыл кітапқа» енгізілген жануарлар мен құстардың 7 түрі, түрлі тұяқты аң, соның ішінде шамамен 190 бұлан орманды мекен етеді.
Бұдан бөлек Павлодар облысының аумағында «Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі», сондай-ақ жалпы аумағы 127,5 мың гектар жерге ие орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемелер («Павлодар», «Үрлітүп», «Максим Горький») бар екенін айтып өтейік.
Орман шаруашылықтарында маман жетіспеушілігі, техниканың ескілігі сияқты бұрыннан қалыптасқан мәселелер құлашты кең сермеуге мүмкіндік бермей отыр. Көктем мен жаз айларында маусымдық қызметкерлер, соның ішінде мұнара бақылаушылары, өрт сөндірушілер, көлік жүргізушілері жетпей жатады. Кадрдың жетіспеуі мәселесінен бөлек, мұндағы техникалардың 80 пайызы тозып тұр. Оларды жұмыс қалпында ұстау үшін жыл сайын қыруар қаражат бөлініп, орманшылар машина-тракторларын әупірімдеп жүргізіп отыр.
Былтыр Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті орман шаруашылығы мекемелерін, соның ішінде «Ертіс орманы» резерватын 2025 жылға дейін материалдық-техникалық базамен және жабдықтармен жарақтандыру жобасын әзірлеген еді. Павлодар облысы әкімдігінен алынған мәліметтерге сүйенсек, былтыр орман қорғау саласына бюджеттен 882 млн теңге бағытталып, орман шаруашылықтары 5 өрт сөндіру автомашинасын, шағын жинақты 5 орман патрульдік кешенін, 33 мотоцикл, 101 рация, 11 ағаш отырғызу машинасы мен 6 түрен сатып алынған. Мұндай жарақтандырудың нәтижесінде жыл соңында өңірдегі орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасы 58-ден 78 пайызға дейін жақсара түскен. Ал биыл автоцистерналы тағы 4 машинаны сатып алу жоспарда тұр. Өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаеваның айтуынша, осылайша облыстағы шаруашылықтарды өрт сөндіру көліктерімен жарақтандыру 100 пайызға жеткізіледі. Ал арнайы техникаларды сақтау үшін орман өртіне қарсы стансалар салу қажет. Павлодар аймағында Қарағанды облысындағы тәжірибеге сүйеніп, модульдік типтегі стансалар тұрғызу жоспарланып қойған. Мұндай нысандарға жобалық-сметалық құжаттар қажет емес, сәйкесінше оларды орнатуға аз уақыт жұмсалады.
Республикалық маңызға ие орман шаруашылықтарына былтыр 4 млрд теңгедей қаражат бөлініп, оның 1,5 млрд теңгесі материалдық-техникалық базаны жақсартуға, 2,4 млрд теңгесі орман өрттеріне мониторинг жасайтын жүйені орнатуға жұмсалыпты.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың мәліметінше, биыл еліміздегі орман қорғау саласын жарақтандыруға 16,7 млрд теңге бөлінеді. Министрліктің табиғат қорғау мекемелерінде орналасқан өрт стансаларына 108 өрт сөндіру машинасы, 79 шағын кешендер және 37 тракторды лизингке сатып әперу қарастырылып отыр. Бұл техникалардың қаншасы Павлодар орманшыларының үлесіне тиетіні әзірге беймәлім.