Ормуз бұғазы арқылы үш күнде 15 кеме өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасына қойылған шектеулер сақталып отыр. Дегенмен соңғы үш күнде бұл бұғаздан 15 кеме өткен. Бұл туралы Anadolu агенттігі хабарлады.
MarineTraffic компаниясының деректеріне сәйкес, өткен үш күн ішінде бұғаз арқылы 15 кеме өткен. Оның ішінде 8-і — құрғақ жүк кемесі, 5-і — танкер және 2-еуі сұйытылған мұнай газын (LPG) тасымалдайтын кеме.
Кемелердің 87%-ы бұғаздан шығу бағытымен қозғалған. Сонымен қатар көптеген кеме «ерекше бағыттарды» пайдаланып, Иранның судағы аумағы арқылы өткен.
Соңғы үш күнде бұғаз арқылы өткен кемелердің тек 13%-ы ғана Парсы шығанағы бағытына кірген. Бұл теңіз тасымалындағы теңгерімсіздіктің сақталып отырғанын көрсетеді.
Анадолу агенттігінің мәліметіне сүйенсек, 28 ақпанда басталған АҚШ пен Израиль-дің Иранға жасаған әскери соққылары және Иранның жауап әрекеттері жалғасып жатқан шақта, Ислам революциясы сақшылары корпусы Ормуз бұғазы аталған елдермен байланысты кемелер үшін іс жүзінде жабық екенін мәлімдеді.
Бұған дейін Иранға қатысы жоқ алғашқы танкердің Ормуз бұғазы арқылы өткенін жаздық.