Ормуз бұғазы айналасындағы шиеленіс экономикалық тәуекелдерді күшейтіп отыр
АСТАНА. KAZINFORM – Таяу Шығыстағы жағдай Ормуз бұғазы арқылы өтетін жаһандық жеткізу тізбегіндегі негізгі бағытты жауып отыр, бұл тұтынушыларға тауарларды жеткізуде айтарлықтай кідірістерге әкелуі мүмкін, деп хабарлайды NBC News.
Иранның мемлекеттік ақпарат құралдарының хабарлауынша, Ислам революциясы сақшылары корпусының жоғары лауазымды командирі Ормуз бұғазы жабық екенін және ол арқылы өтуге тырысқан кез келген кеме өртелетінін мәлімдеді. Иран техникалық тұрғыдан Ормуз бұғазын жаба алмайды, бірақ кемелердің бұл су жолына кіруіне жол бермеу үшін кек алу қаупі де жеткілікті.
Иранның оңтүстік жағалауы бойымен өтетін тар су жолы – Ормуз бұғазы әлемдегі мұнайдың бестен бір бөлігінің тасымалдануын қамтамасыз етеді, сондай-ақ ол алюминий, қант және тыңайтқыштар сияқты басқа да шикізат түрлері үшін негізгі бағыт саналады.
Иранға жасалған шабуылдар басталғалы Maersk, MSC Group, CMA CGM, Hapag-Lloyd, COSCO және Emirates SkyCargo сияқты көптеген ірі кеме және логистикалық компаниялар осы аймақ арқылы жөнелтілімдерге тапсырыс беруді шектеді немесе тоқтатты.
Кемелер Африканың ең оңтүстік шеті – Жақсы Үміт мүйісін айналып өтуге мәжбүр болады.
Сарапшылардың пікірінше, бұл апталарға созылатын кідірістерге, порттардағы кептелістерге және қорларды «нақты мерзім ішінде» басқару заманауи жүйелерінің күйреуіне әкеледі.
- Егер ірі тасымалдаушылар брондауды шектеп, кемелер Жақсы Үміт мүйісін айналып өтуге мәжбүр болса, бұл бүкіл әлем бойынша жеткізу уақытын бірнеше аптаға кешіктіреді, - деп хабарлады Wasel & Wasel компаниясының басқарушы серіктесі Махмуд Абувазель.
Оның айтуынша, автомобиль жасау және тұрмыстық электроника өндірісі сияқты салаларда өсім қарқынының баяулауы немесе өндірістің толық тоқтауы байқалауы мүмкін. Ол сондай-ақ қақтығыс созылған сайын фармацевтикалық препараттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар және температуралық режимнің сақталуын талап ететін өнімдерді жеткізуде кідіріс болатынын шамалады.
Rystad Energy зерттеу компаниясы геосаяси талдау бөлімінің басшысы Хорхе Леонның пікірінше, бұл сауда байланыстарына кедергі келтіріп қана қоймай, сонымен қатар сақтандыру шығындарының өсуіне байланысты жеткізу шығындарының артуына да әкеледі.
Өткен демалыс күндері Marsh сақтандыру брокері сақтандыру бағалары алдағы күндері 50%-ға өсуі мүмкін деп болжады.
Еске сала кетсек, бұған дейін Иран Ормуз бұғазы арқылы өтуге тырысқан кез келген кемені ататынын мәлімдеді.
Ормуз бұғазындағы шиеленіске байланысты мұнай бағасы барреліне 150 долларға баруы мүмкін екенін хабарладық.
Әлемдегі ең ірі газ жеткізушілердің бірі, мемлекеттік мұнай-газ компаниясы Qatar Energy ұшқышсыз ұшақтардың шабуылынан сұйытылған табиғи газ өндіруді тоқтатқанын мәлімдеді.
Сондай-ақ Қазақстан және ОПЕК+ ұйымына мүше басқа жеті ел сәуірден бастап мұнай өндірісін арттырады.