Ормуз бұғазында іркіліс бес аптаға созылса, мұнайдың баррелі 100 долларға жетеді – сарапшы

KAZINFORM. АСТАНА – Ормуз бұғазындағы шектеу жергілікті эпизод емес, мұнай-газ және бүкіл теңіз логистикасы үшін жаһандық соққыға айналды. Ал «қара алтынның» құны 100 долларға жететін күн жақын. Жаһандық жағдайға байланысты Kazinform тілшісіне мұнай-газ сарапшысы Асқар Исмаилов пікір білді.

Иран пообещал не перекрывать Ормузский пролив для торговых судов
Фото: Wikimedia

2024 жылы Ормуз бұғазы арқылы тәулігіне шамамен 20 млн баррель өткен: бұл әлемдік сұйық көмірсутек тұтыну көлемінің 20%-ына, теңіз арқылы тасымалданатын мұнай саудасының төрттен біріне тең. Асқар Исмаиловтың болжамына сенсек, өткелдегі іркіліс сақтандыру тарифтерінің, фрахт құнының күрт өсуіне және биржаларда тұрақсыздық пен Brent бағасының қымбаттауына әкеледі.

– Нарық тәуекелге қаншалықты сезімтал екенін қазірдің өзінде көрсетіп отыр. Goldman Sachs екінші тоқсанда Brent маркалы мұнайдың баррелі 76 долларға дейін көтеріледі деп топшылауда. Егер Ормуздағы іркіліс тағы бес аптаға созылса, баға шамамен 100 долларға дейін өсуі мүмкін. Басқаша айтқанда, тіпті ішінара және ұзаққа созылған тосқауыл баға соққысына айналады, – деді спикер.

Сарапшының сөзінше, Таяу Шығыстағы елдер мұнай тасымалы үшін балама жол табуы қиын. Қазір қолданыстағы бағыттар Ормуз бұғазындағы бағытты толық алмастыра алмайды.

– Сауд Арабиясы мен БАӘ-нің баламалы жолы бар, бірақ ол арналар тәулігіне шамамен 2,6 млн баррель ғана тасымалдай алады. Демек, Ормуз бұғазы арқылы өтетін тәуліктік 20 млн баррель ағынымен салыстыруға келмейді. Негізгі айналма нұсқа — Сауд Арабиясының Қызыл теңіздегі Янбу портына шығатын East-West құбыры. Оның қуаты тәулігіне шамамен 5 млн баррель (2019 жылы уақытша 7 млн-ға дейін жеткізілген). БАӘ-де Habshan–Fujairah құбыры бар, ол мұнайдың бір бөлігін Ормузды айналып өтіп, Фуджейраға шығаруға мүмкіндік береді: оның қуаты тәулігіне шамамен 1,5 млн баррель, – деп түсіндірді Исмаилов.

Оның пікірінше, мәселе балама бағыт пен құбырда емес, тасымал мүмкіндігінде жатыр. Мәселен, Сауд Арабиясында мұнай тасымалдайтын Янбу порты 1,5 млн баррель мұнайдың өзін жөнелтіп көрмеген.

– Бұған қоса, Қызыл теңіз бен Фуджейраның қауіпсіздігі төмен. Яғни, аймақ қақтығысты баяулата алуы мүмкін, мұнайды балама жолмен тасымалдауы ықтимал, бірақ Ормузды жылдам әрі тиімді алмастыратын жол жоқ, – деп кесіп айтты сарапшы.

Бұған дейін Ормуз бұғазы жабылып, қазір мұнда мұнай-газ тасымалдайтын 150-ден астам кеме кептеліп тұрғанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум