Орнықты даму міндеттері: сапалы медицина және білім саласында қандай өзгерістер бар

білім, медицина
Коллаж: pixabay.com/ Kazinform

Жақында Сенатта «Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру аясында сапалы денсаулық сақтау мен білім беруді қамтамасыз ету» тақырыбында Қазақстан Республикасының Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттерді іске асыру мониторингі жөніндегі Парламенттік комиссияның отырысы өтті. Кездесуде халықты сапалы медицинамен және біліммен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Kazinform тілшісі толығырақ тарқатады. 

Атап айтқанда, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 78-сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізудің бірқатар негізгі міндетін белгілеп берген болатын. Президент Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу ұлттық басымдыққа ие екенін айтты. Осы бағыттағы жұмыстарға депутаттық корпусты жұмылдыру үшін Парламенттік комиссия құрылды.

«Әрине, орнықты даму мақсаттарына жету оңай емес. БҰҰ дерегі бойынша қазір әлем 2030 жылға дейінгі күн тәртібін жүзеге асыруда айтарлықтай қалып келеді. Бүгінде әлем елдері даму мақсаттарында көзделген міндеттердің 15 пайызын ғана кестеге сай орындап отыр. Ал міндеттердің 30 пайызға жуығы бойынша көрсеткіштер 2015 жылғы бастапқы деңгейден ілгері жылжымаған. Тіпті, кей жағдайда төмендеп те кеткен. Бұған көбіне кейінгі жылдарда әлемде болып жатқан жаһандық сын-қатерлер себеп екені анық. Біз 2015 жылмен салыстырғанда 8 мақсат бойынша көрсеткіштерімізді төмендетіп алдық. Бұл – ерекше алаңдайтын жағдай, өйткені әр көрсеткіш азаматтарымыздың өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан Парламент Үкіметпен, азаматтық және сарапшылар қауымдастығымен бірлесіп, мақсаттарға жету үшін жүйелі жұмыс жүргізеді. Парламенттік комиссия дәл осы мақсатпен құрылды», - деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Жалпы, мамандар Орнықты даму мақсаттардың жүзеге асырылуына жасалған талдау бюджеттік жоспарлау мен тұрақты даму мақсаттарының арасындағы байланыстың нашарлығын айтып отыр.

Үш ауысымды мектептер мәселесі қалай шешіліп жатыр

Қазір Оқу-ағарту министрлігі Орнықты даму мақсаттарындағы «Сапалы білім беру» атты төртінші мақсат аясында қолайлы жағдай жасау бағытында тиісті жұмыстар атқарып жатыр. Осы төртінші мақсат бойынша 8 өзекті индикатор бекітілген. Олар министрліктің негізгі стратегиялық және бағдарламалық құжаттарына, яғни Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына, Оқу-ағарту министрлігінің даму жоспарына енгізілген.

«2021 жылдың қыркүйегінде балаларды ерте жастан ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеуге бағытталған «ойын арқылы оқыту» қағидаты бойынша жеткіншектердің әлеуетін ашуға, балабақшаларда қауіпсіз, қолайлы орта құруға бағдарланған мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа моделі енгізілді. Жаңа модель аясында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік стандарттары (ҚР БҒМ 03.08.2022 ж. № 348 бұйрығы), оқу жоспарлары мен бағдарламасы қайта қаралды. Еліміздегі педагогтердің үздік тәжірибелерін балабақшаларға енгізу үшін әдістемелік кабинеттер жанынан мобильді топтар құрылды. Педагогтердің біліктілікті арттыру курстарынан өту мерзімі 5 жылдан 3 жылға дейін қысқартылды. Соған орай биылдың өзінде 25 білімді жетілдіру бағдарламасы әзірленді», - деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Айтуынша, балабақшаны тәмамдаған бүлдіршіндердің мектепке даярлығын анықтау мақсатында әр оқу жылында үш кезеңнен тұратын мониторинг жасалып, олардың даму деңгейіне талдау жүргізіліп отыр. Осылайша кыркүйек айында – бастапқы, қаңтарда – аралық және мамыр айында қорытынды мониторинг өтеді. Мәселен, 2022-2023 оқу жылындағы мониторинг қорытындысы 88,8 пайызды көрсетіп отыр. Бұл ретте, 348 мың баланың 309 мыңы жоғары және орташа деңгей көрсетті. Осыған орай әр баланың жеке даму картасы әзірленіп, қажетті ұсынымдар беріліп жатыр.

«Бүгінде ерекше білім беруді қажет ететін балалар оқып жатқан 5 800 мектеп тиісті талаптарға сәйкестендірілді. Тұжырымдама аясында бұл жұмысты ары қарай жалғастырылады. Биыл оқу жасындағы 132 600 баланың 98 пайызының білім алуға мүмкіндігі болып отыр. Олардың 88 пайызы орта білім беру ұйымдарында, ал 12 пайызы үй жағдайында оқиды», - деді министр.

Айта кетейік, апатты, үш ауысымды мектептер мен оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу үшін тек кейінгі 3 жылда 380 мың оқушы орнына арналған 626 мектеп пайдалануға берілді. Осы орайда министрлік мәліметіне қарағанда, 2020 жылы 81 мың орындық 102 мектеп, 2021 жылы – 163 мың орындық 277 мектеп, сондай-ақ 2022 жылы 136 мың орындық 247 мектеп тапсырылды.

«Биыл елімізде 137 мың оқушы орнына арналған 165 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Бұл өз кезегінде биыл 12 апатты және 29 үш ауысымды мектеп мәселесін шешуге бағытталған. Жалпы, мектеп инфрақұрылымын дамыту мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бекітілгені белгілі. Жоба аясында 2024-2025 жылдары 740 мың оқушы орнына арналған 369 мектепті пайдалануға беру ескерілген», - деді ведомство басшысы.

Жалпы, 2021 жылы 9 апатты және 31 үш ауысымды мектеп, 2022 жылы 6 апатты, 19 үш ауысымды мектеп мәселесі шешілді.

«Келешек» бағдарламасы бойынша есеп-шоттар ашу басталады

Ғылым және жоғары білім министрлігі үш орнықты даму мақсаты аясында 5 ұлттық индикаторға жауапты.

«Сапалы білім беру бағытында бүкіл көрсеткіш біздің 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамаға енгізілді. Министрліктің жұмысы аталған 5 индикатор мақсаттарымен ұштастырылыған. Қазір инклюзивті білім беруге жағдай жасаған жоғары оқу орындарының саны 75 пайызға жетті. ЖОО-лар да ерекше білім беруді қажет ететін студенттер саны 1730 адамды құрады. Министрлік Парламент депутаттарымен бірлесе арнайы 2023-2025 жылдарға арналған жол картасын әзірледі. Әр жоғары оқу орнында инклюзияға қатысты жоспарлар бекітілді. Біздің квалификациялық тараптар өзгерді. Енді жаңа лицензия алу үшін осы жылдан бастап кез келген университет міндетті түрде оқыту әрі жұмыс барысына инклюзия талаптарын енгізуі тиіс», - деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Бұдан бөлек жол «Келешек» бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты түсінік берді.

«Мемлекет басшысының Жолдауын орындау аясында азаматтарға жоғары білім алуға жағдай жасаудың қосымша тетігі ретінде «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу пысықталып жатыр. Қазір Қазақстанда демографиялық өсім байқалып отыр. Кейінгі үш жылда 1 млн-ға жуық бала дүниеге келді. Орташа есеппен алғанда, жыл сайын елімізде 400 мыңға тарта бала дүниеге келеді. Қазір сол балалардың орташа есеппен 40 пайызы мемлекеттік грантпен қамтамасыз етілген», - деді ведомство басшысы.

2020 жылдан бері жыл сайын грант саны көбейіп келеді. Бірақ мұның өзі жеткіліксіз болады.

«Сондықтан бірыңғай ерікті жинақтау жүйесіне көшіп жатырмыз. Оның үстіне жеңілдетілген несие және сараланған гранттар жүйесі ескерілген. Келесі жылдан «Келешек» бағдарламасы аясында есеп-шоттар ашу қарастырылып отыр», - деді министр.

Мұнымен қоса, Саясат Нұрбек 90-жылдары Қазақстанның ғылыми әлеуетіне үлкен соққы болғанын айтты.

«90-жылдары ғылыми әлеуетімізге үлкен соққы келді. 1990 жылы бізде ғылыми-зерттеу институттарының 52 000 қызметкері мен ғылыммен айналысқан профессорлық-оқытушылық құрамы ресми түрде тіркелген. 2000 жылы немесе 10 жылдан кейін 12 мыңы қалды. Нақты айтқанда, 35 мыңнан астам адамды жоғалттық», - деді ведомство басшысы.

Бұл тұрғыда министр кезінде ғылыммен айналысқан бұл адамдардың кейбірі шетелге кетсе, біразы кәсіпкерлікке немесе мемлекеттік қызметке барғанын айтты.

«Қазір біртіндеп ғылыми әлеуетімізді қалпына келтіріп жатырмыз. Қазір еліміздегі 22 мың ғылыми қызметкер жұмыс істеп жатыр. Осы орайда ғылыми даярлау аясында гранттар саны өседі. Жас ғалымдарды қолдауға ерекше назар аударылып отыр», - деді министр.

Қазақстанда адамдардың өмір сүру ұзақтығы 74 жастан асты

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, елімізде жалпы өлім-жітім төмендеді.

«Ұлт денсаулығын нығайту – мемлекетіміздің маңызды міндеттерінің бірі. Былтырдың қорытындысы бойынша бағдарламалық құжаттарды іске асыру аясында 2021 жылдың қорытындысымен салыстырғанда елімізде жалпы өлім-жітім 29 пайызға төмендеді. Қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім 33 пайызға, қатерлі ісіктен – 8 пайызға, түрлі жарадан 5 пайызға азайды. Сонымен қатар, ана өлімінің айтарлықтай 3 еседен астам деңгейде төмендеуі байқалды. 2022 жылы нәресте өлімінің деңгейі 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 пайызға төмендеді», - деді А. Ғиният.

Халық денсаулығы көрсеткіштеріндегі оң өзгерістер халықтың өмір сүруінің орташа ұзақтығы 74,44 жасқа дейін өсуіне әсер етті. Бұл ретте, 2021 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 4 жылға өсті (2021 ж. – 70,23 жыл).

«Халықты сапалы денсаулық сақтау жүйесімен және жоғары деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер Біріккен Ұлттар Ұйымының Орнықты дамуының үшінші мақсатына жатады. Орнықты даму мақсаттары көрсеткіштерінің ұлттық тізбесі әзірленіп, қабылданды. Ұлттық тізімге 30 индикатор кірді. БҰҰ 2023 жылы Қазақстан Республикасындағы орнықты дамудың барлық 17 мақсатын бағалады. № 3 мақсат - денсаулық сақтау саласы бойынша. Бұл тұрғыда саладағы жағдай «орташа жақсарты және сын-қатерлер сақталып тұр» деген баға берілді», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, индикаторларға қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін министрлік негізгі бағыттар бойынша жұмыс атқарды. Ажар Ғиният жол-көлік апатынан болатын өлім-жітім азайғанын айтты.

«Елімізде жол-көлік оқиғалары салдарынан қайтыс болғандар мен жараланғандар санын азайту бағытында тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл ретте, 2022 жылдың қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғалары салдарынан өлім-жітім 15 пайызға артқан еді. Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша, бұл көрсеткіш былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 3 пайызға төмендеді», - деді А. Ғиният.

Оның айтуынша, жол-көлік оқиғаларынан кейін салдарын азайту үшін медицина саласында тиісті қадамдар ескерілген. Бұл тұрғыда республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға жақын орналасқан ауданаралық орталық ауруханалар құрамында 28 травматологиялық бөлімше қызмет етіп жатыр.

«Мұнымен қоса, Төтенше жағдайлар министрлігі құрылымында республикалық маңызы бар жолдардың авариялық-қауіпті учаскелерінде 40 медициналық-құтқару пункті жұмыс істеп тұр. Жалпы, жараланған адамдарға медициналық көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі 2022-2023 жылдарға арналған жол картасы іске асырылып жатыр. Бұл ретте, жол-көлік оқиғалары салдарын одан әрі төмендету мақсатында мүдделі орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың ведомствоаралық жұмысы қажет», - деді министр.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2022 жылы туберкулезбен сырқаттану жағдайы 100 мың тұрғынға шаққанда 36,5 деңгейді құрады, бұл 2021 жылғы осы көрсеткіштің мәнінен 1 пайызға жоғары. Сонымен қатар, туберкулезден болатын өлім 20 пайызға төмендеді. Елдегі туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдайды жақсартуға арналған іс-шаралар 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында іске асырылып жатыр.

«Республикадағы көптеген инфекциялық аурулар бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Профилактика мақсатында Ұлттық егу күнтізбесі іске асырылыр отыр (20 инфекциялық ауруға қарсы), иммундаумен қамтылған халықтың нысаналы тобының үлесі 98,8 пайызды құрады. Жыл сайын Қазақстанда инфекциялық ауруларға қарсы 5 млн жуық адам, оның ішінде 1,3 млн бала егіледі», - деді Ажар Ғиният.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілі Скендер Сыланың айтуынша, «ешкімді артта қалдырмау» қағидаты бекітілген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізудің негізі екенін айтты. Мұндай қағидат халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарының денсаулық жағдайын жақсартуға және теңсіздікті азайтуға жол ашады. Сонымен қатар Қазақстан халықтың денсаулығын жақсарту және денсаулық сақтау жүйесін нығайту саласында айтарлықтай деңгейде алға жылжып отыр.

«Мемлекет ана өлімін, бес жасқа дейінгі балалар өлімін және жаңа туған нәрестелер өлімін азайту бағытында жаһандық мақсаттарға қол жеткізді. Қазақстанның темекі мен никотин қарсы күресте қабылдап жатқан шаралары ДДҰ-ның Еуропа бөлігі үшін үлгі екенін де айта кеткен абзал. Темекі мен никотинсіз орта қалыптастыру жолында шешуші қадамдар жасау қоғам денсаулығын қорғауда өте маңызды екені сөзсіз», - деді ДДҰ-ның Қазақстандағы өкілі.

Соңғы жаңалықтар