«Орнына үй салады»: алматылықтар балабақшаның жөндеуге жабылуына наразылық білдірді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда 1 қарашадан бастап жекеменшік «Болашақ» балабақшасы жөндеуге жабылмақ.
Әлеуметтік желіде бұл жағдайға байланысты ата-аналар наразылық білдіріп жатыр. Бір оқу жылы басталған кезде жөндеу жұмыстарының басталғаны ренішісін білдірсе, тағы бірі балабақша мүлдем жабылып қалуы мүмкін деп алаңдаушылығын жазған.
Желіде тараған бейнежазбаға сәйкес, нысан 1962 жылы салынған. 2026 жылдың 1 қарашасынан бастап балабақша 1,5 жылдық жаңғырту жұмыстарына жабылатыны айтылған. Сондай-ақ алдағы жылдары әлеуметтік нысанның орнына тұрғын үй кешенін салу көзделгені және ол қаланың Бас жоспарында белгіленгені көрсетілген.
Аталған жағдайға қатысты қалалық білім басқармасы жауап берді.
— Жекеменшік балабақша әкімшілігінің мәліметінше, мекеме ғимаратын реконструкциялау жоспарланған. Сонымен қатар тәрбиеленушілерді ары қарай орналастыру мен қызметкерлерді жұмысқа орналастыру мәселесі пысықталды. 100 баланы және 17 қызметкерді жақын маңда орналасқан «Ивушка» жекеменшік балабақшасына, ал тағы 7 қызметкерді «Берёзка» балабақшасына ауыстыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Мұнымен қоса, жақын маңдағы мектепке дейінгі ұйымдарда тағы 155 бос орын бар, — делінген басқарма жауабында.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда ерекше балаларға арналған «Педагог академиясы» жеке мектебіне қатысты қандай шешім қабылданғанын жазғанбыз.