Өрт қауіпсіздігінде тұрғын үй секторына ерекше назар аударылса игі
Бүгін Астанада Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаев келтірген мәліметтерге қарағанда, соңғы үш жылда 46 024 өрт оқиғалары тіркеліп, оның салдарынан 1,5 мыңға жуық адам ажал құшты, бұның ішінде 174-і балалар. 1776 адам түрлі жарақат алды. Өрт салдарынан келген жалпы шығын мөлшері 15,5 млрд. теңгені құрады. Барлық өрттердің шамамен 70 пайызы тұрғын үй секторларында орын алды және оның үлесіне өрттен қаза болған адамдардың 90 пайызы тиесілі екен.
Екі мыңға жуық өрт өндірістік маңыздағы нысандарда, екі мыңнан астамы адамдар жаппай жиналатын жерлерде орын алды. Алты жарым мыңнан астам көлік құралдары өртенді.
Негізінен өрттің басым бөлігі Қарағанды (6741) және Шығыс Қазақстан (5878) облыстарында тіркелді.
«Өкінішке қарай, аталған мәліметтер еліміздегі өрт қауіпсіздігінің объективті жағдайын көрсетіп отырған жоқ. Себебі, осы салада мемлекеттік есепке алу тиісті деңгейде жолға қойылмаған», - деп тоқталды Бас прокурор.
Атап өтерлігі, елді мекендерде өрт қауіпсіздігінің қолданыстағы жүйесі тиісті талаптарға сәйкес келмейді. Бұл ретте, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қолданыстағы жүйесі республикамыздағы 6 989 елді мекеннің 272-сін ғана қамтып отыр. Ауылдық жерлердің тоқсан пайызы өрттен қорғану жүйесімен қамтамасыз етілмеген. Өрт деполары ғимараттарының шамамен 65 пайызының пайдаланылып келе жатқанына қырық жылдан асты. Бұл ғимараттардың кейбірі апатты жағдайда деп танылды.
Мәселен, ҚР Төтенше жағдай министрі Владимир Божконың сөзіне қарағанда, ірі қалалар мен 5 мың тұрғыны бар елді мекендерді өртке қарсы толық деңгейде қорғау үшін кем дегенде қосымша 177 өртке қарсы депоның құрылысы қажет. «Осы көрсеткішке қол жеткізу үшін, алдағы 10 жылда 15-тен кем емес депоны жыл сайын салу керек болады», - дейді министр. Министрліктегілердің мәліметінше, 2014 жылға арналған бюджет аясында ТЖМ үшін алты автокөлікке арналған үш өртке қарсы депоның құрылысын аяқтауға қаржы бөлінді. Сонымен қатар Астана, Атырау, Ақтау, Павлодар, Арал қалаларында өртке қарсы деполардың бес типтік жобасын бекіту бойынша, сондай-ақ екі депоны ЭКСПО-2017-ге дайындық аясында жобалау-сметалық құжатнаманы әзірлеуге қолдау жасалды. Бұған қоса тағы 10 өртке қарсы бөлімдер ғимараттарына толық жөндеу жасауға қаржы қарастырылды. Бұл мақсаттарға биыл республикалық бюджеттен 3,32 млрд. теңге бөлінді. Осы қаржы бұл бағыттағы мәселені түгел шешпесе де, ағымдағы жұмыстарды еңсеруге мүмкіндік береді.
Бас прокурор мәжіліс барысында өртке қарсы қызмет саласындағы жемқорлық мәселесіне жеке тоқталды. «Соңғы екі жылда ТЖМ қызметкерлері жасаған 55 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелді. Дәл осы тектес заң бұзушылықтар биылғы cәуірден бастап шағын және орта бизнеске тексеру жүргізуге Мемлекет басшысымен мораторий енгізу үшін алғышарт болды», - деді А. Дауылбаев.
Белгілі болғандай, Ақмола, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарында прокурорлар негізсіз тексерулер жүргізудің көптеген фактілерін анықтады.
«Батыс Қазақстан мен Павлодар облыстарында бұдан бұрын ТЖД тарапынан тексерулер жүргізілсе де, қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан өрттің орын алуы фактілері анықталды. Яғни ТЖМ қызметкерлері бұл жағдайларды тиісті деңгейде қадағаламаған», - деді А.Дауылбаев.
В. Божко Бас прокуратурадан бизнесмендермен өрт инспекторларының кездесулерін тексеруге жатқызбауды сұрады. Оның сөзіне қарағанда, облыстар бойынша ТЖД басшыларына тілсіз жаудың алдын алу бойынша кәсіпкерлермен әдістемелік жұмыстарды күшейту тапсырылды. Осы орайда бизнесмендерге қауіпсіздік ережелері бойынша кітапшалар таратылып, «дөңгелек үстелдерді» өткізу ескерілген.
«Бұл орайда Бас прокуратура аппаратын осындай түсіндіру кездесулерін тексеруге жатқызбау туралы біздің ұсынысымызды қолдауды сұраймын. Атап айтқанда, нысанмен танысқаннан кейін бизнесмендерге ешбір санкциялар мен шектеулерсіз қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар жасалады», -деді В. Божко Бас прокурор Асхат Дауылбаевқа қаратып айтқан сөзінде. Бұл тұрғыда министр осы жұмыстар өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша өзінің мүлкін қорғау арқылы ең қатал өрт инспекторы меншік иесі болуы тиіс екенін кәсіпкерлердің түсінуіне мүмкіндік беретінін атап өтті.
Бұдан бөлек Бас прокуратура мәліметінше, өрт фактілері бойынша қозғалған қылмыстық істердің тергелу сапасы сын көтермейді. Мысалы, негізінен қылмыстарды тергеудің әдіс-тәжірибесі болмауы салдарынан аталған мерзімде осы санатта тіркелген 2942 қылмыстың 70 пайызы ашылмай қалып отыр.
Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченконың айтуынша, қазіргі кезде Парламенттің қарауындағы Қылмыстық кодекстің жаңа жобасында қасақана өртеу арқылы бөтеннің мүлкін әдейілеп бүлдіру үшін жазаның ең жоғары мерзімі 4 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Мәселен, Австралияда осы тектес қылмыстарға жаза 10-нан 15 жылға дейін, АҚШ-тың Нью-Йорк штатында 3,5-тен 15 жылға дейін абақтыға отырғызуды қарастырады.
Өз кезегінде Асхат Дауылбаев қасақана өртеу бойынша жауапкершілікті күшейтуді қолдайтындығын атап өтті. «Қасақана іс-қимылдар мәселесі базарлардағы өрттер тұрғысында өзекті. Атап айтқанда, сауда орындарына жүздеген кәсіпкерлердің мүлкі сақталуда», - деді Бас прокурор.
Сонымен қатар ҚР Ішкі істер вице-министрі Ерлік Кененбаев қасақана өртегендерге қатысты санкцияларды күшейту тұрғысындағы Бас прокуратураның ұсынысын қолдайтындығын жеткізді. «ҚР Қылмыстық кодексінің 187 бабының 2 бөлімі бойынша «қасақана өртеу» қылмысы үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастыруды ұсынамыз. Сонда аталған қылмыстар ауыр қылмыстар санатына жатқызылып, арнайы жедел шараларды міндетті түрде іске асыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ ауыр қылмыстарды ашу көрсеткіштері есебінде ескеріледі», - деді ол.