Өрт қауіпті маусымда 4 244 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды - ТЖМ
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде өрт қауіпті кезең басталғалы бері 499 орман өрті, 25 дала өрті және 1 982 құрғақ шөптің жану дерегі тіркелді, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігі.
Қауіптің алдын алу мақсатында орман-дала алқаптарында рейдтер мен патрульдеу жүргізілуде. Бұл жұмысқа азаматтық қорғау, ішкі істер, табиғатты қорғау және орман шаруашылығы мекемелері мен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері қатысып жатыр. Осы кезеңде 13 мыңнан астам рейд өткізіліп, өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзған 4 244 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
- Жергілікті атқарушы органдар табиғатты қорғау мекемелерімен бірлесіп 360 өрт-тактикалық оқу-жаттығу ұйымдастырды. Шаруашылық субъектілері мен тұрғындар арасында 4 407 жиын, 2 230 дөңгелек үстел өткізіліп, 55 496 нұсқама берілді. Жалпы түсіндіру жұмыстары 342 мыңнан астам адамды қамтыды, - делінген ведомство ақпаратында.
ТЖМ тәулік бойы өрт жағдайына мониторинг жүргізіп отыр. Орман алқаптары бар өңірлерде әуе кемелерінің кезекшілігі қойылып, ұшқышсыз ұшу аппараттары тартылған, сондай-ақ өрт бекеттері жасақталған.
Министрліктің дерегінше, орман-дала өрттерінің негізгі себептері – сөндірілмеген от, темекі тұқылдары мен сіріңке, отты абайсыз пайдалану, қоқыс пен шөпті рұқсатсыз жағу, сондай-ақ балалардың отпен ойнауы.
ТЖМ азаматтарды дала және орман алқаптарында болған кезде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады. От жақпауға, қоқыс пен құрғақ шөпті өртемеуге, балаларға отпен ойнаудың қаупін түсіндіруге кеңес береді. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертеді. Өртті байқаған жағдайда дереу 101 немесе 112 нөміріне хабарлау қажет.
Айта кетейік, Сайрамда қойма өртенді.