Орта білім беру жүйесінде кадр тапшылығы толық жойылды

АСТАНА. KAZINFORM – Биылғы оқу жылында 36 педагог мемлекеттік наградалармен марапатталды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі Мереке Нұрмұханова айтты.

Алматының 10 мыңнан астам педагогы біліктілікті арттыру курстарынан өтеді
Фото: Алматы әкімдігі

- Қазіргі уақытта еліміздің орта білім беру ұйымдарында 412 мыңнан астам педагог еңбек етуде. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 14 мыңға артық. Олардың 73 пайызға жуығы – жоғары біліктілік санатына ие. Осы жерде ерекше тоқталып өтсем деймін, педагогтер санының артуы - еліміздің орта білім беру жүйесінде кадр тапшылығының толығымен жойылуына ықпал етті, - деді ресми өкіл.

Ол Мемлекет басшысының тарапынан ұстаздардың қоғамдағы мәртебесін көтеруге ерекше көңіл бөлініп келе жатқанын айтты. 

- Бұған айқын дәлел - Қазақстан тарихында алғаш рет биылғы оқу жылында екі педагогке президент Қасым Жомарт Тоқаев «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын тапсырды. Сондай-ақ, 36 педагог мемлекеттік наградалармен марапатталды, 64 мұғалім «Үздік педагог» атағын иеленді және оларға мемлекет тарапынан 1 000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйақы тағайындалды, - деді Мереке Нұрмұханова.

Бұған дейін халықаралық олимпиадаға қатысқан әрбір екінші оқушы жүлдегер болғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар