Орта дәліздің ықпалын арттыру: Қазақстан мен Болгария қандай келісімге келді

АСТАНА. KAZINFORM – Кейінгі бірнеше айда Еуропа көшбасшыларымен кездесулер жиілегенінен жұрт хабардар. Алдымен наурызда Қазақстанға Словения Президенті Наташа Пирц-Мусар ресми сапармен келді. Сәуірде Самарқандта «С5+Еуропалық Одақ» саммиті өтті. Мамырда Венгрияда Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті ұйымдастырылып, ізінше Италия Министрлер кеңесінің төрағасы Джорджа Мелони елімізге ресми сапармен келіп, «Орталық Азия – Италия» алғашқы саммитіне қатысты.

Қазақстан мен Болгария қандай келісімге келді
Фото: Ақорда

Міне, енді маусымның алғашқы онкүндігінде Болгария Президенті Румен Радев Қазақстанға ат басын бұрып, Қазақстанмен келіссөздер өткізді. Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы екі ел әріптестігінің қай бағыттарды қамтып жатқанына зер салды.

Астананың саяси аренадағы маңызы

Қазір әлемдегі геосаяси тұрақсыздық, әлемдік экономиканың бөлшектеніп жатқан сәтте прагматизм көптеген саяси процестерге ықпал етіп отыр. Жаһандану үдерісі әлсіреген шақта мемлекеттер мен бизнес өкілдері қақтығыс болып жатқан аймақтарды айналып өтуге тырысып, жаңа сауда тізбектері мен тиімді логистикалық байланыстар құру жолын іздеуде.

Осы ретте Қазақстан маңызды орынға ие. Бұл – сыртқы саясаттағы белсенділік, ең бастысы – талпыныс нәтиже арқылы көрініс табуда. Болгария Президентімен келіссөздер де осы үрдістің бір бөлігі болды деп айта аламыз.

Қазақстан мен Болгария қандай келісімге келді
Фото: Ақорда

Негізгі әріптестер

Сапар уақытының да символикалық мәні бар: өткен аптада Қазақстан мен Болгария арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 33 жыл толды.

– Президент Радевтің Қазақстанға жасаған ресми сапары стратегиялық серіктестігіміздің жаңа кезеңі басталғанын көрсетеді. Бұл – біздің ортақ өркендеу жолындағы ықпалдастығымызға қозғау салады. Отыз жылдан астам уақыт ішінде Қазақстан мен Болгария арасында берік әрі өзара құрметке негізделген саяси және дипломатиялық қарым-қатынас орнады. Қазақстан Болгарияны достас ел әрі өте маңызды стратегиялық серіктес санайды, – деп атап өтті Қазақстан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Болгария Президенті Румен Радев – бұрынғы әскери адам. Әдетте әскери адамдар тура сөйлейді. Оның жылы лебіздері хаттамадан емес, жүректен шыққандай әсер қалдырды.

Қазақстан мен Болгария қандай келісімге келді
Фото: Ақорда

– Болгария Қазақстанмен қалыптасқан жылы әрі нәтижелі байланыстарды жоғары бағалайды. Біз Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі әрі басым серіктес деп білеміз. Кейінгі жылдардағы жетістіктеріңіз – экономикадағы серпінді өсу, инновация, ғылым, білім және жоғары технологиялар саласындағы табыстарыңыз таңдай қақтырады. Кеше мен Ұлттық ғарыш орталығында болдым. Ондағы жетістіктеріңіз маған үлкен әсер етті, – деді Румен Радев.

Терең талдау жүргізілген талқы

Экономикалық қатынастарға келсек, Астана мен София арасындағы көрсеткіштер әлі де азғантай мөлшерде. Қазір Қазақстанда болгар капиталы қатысқан шамамен 60 компания жұмыс істейді. Өзара тауар айналымы төрт есеге өсіп, 2023 жылы 375 миллион долларды құрады.

Негізгі көрсеткішті қазақстандық мұнай экспорты құрап отыр. 2024 жылы тасымал 48 есе өсіп, 242,2 млн долларға жетті.

Дегенмен ынтымақтастық ақырындап өркендеуде. Қазір 117 млн доллардан асатын бірлескен жобалар қарастырылуда, олардың нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылмақ.

Қазақстан Президенті серіктестікті жандандыру үшін Қазақ-болгар іскерлік кеңесін құру мәселесін де ұсынды. Ал сарапшылар бұл сапардың қорытындыларына оң баға беруде.

– Келіссөздер барысында өзгеріп жатқан халықаралық ахуалда сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге баса назар аударылды. Келіссөздер аясында көлік министрліктері арасында Орта дәлізді дамыту және екі елдің сауда палаталары арасында өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылуы сауда байланысының кеңеюіне жол ашады, – деді ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Еуропа және Америка зерттеулері бөлімінің жетекші сарапшысы Әли Мұхамбет.

Өзара сауданың транзиттік әлеуеті

Транскаспий халықаралық көлік бағыты секілді жобаларға әлем назары ауып, қызығушылығы күшейіп келеді. Қазақстан мен ЕО елдері басшыларымен өткен жоғары деңгейдегі келіссөздердің бірде-бірінде көлік байланысы мәселесі назардан тыс қалмай келеді.

Қазақстан мен Болгария да бұл үрдісті жалғастырып отыр. Тараптар болгар порттары – Бургас пен Варнаны Орта дәліз жобасына қосуды қарастыруға келісті.

Қазақстан мен Болгария қандай келісімге келді
Фото: Luka Koper

Қазақстан Президенті көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық бойынша жұмыс тобын құруды ұсынды. Десе де бұл салада әлі де жұмыс көп. Қазір маршруттың әлеуеті жартылай ғана іске асырылған. Бірақ даму қарқыны жоғары: 2024 жылы Орта дәліз арқылы тасымал көлемі 60%-дан астам өсіп, 4,5 млн тоннаға жетті. 2027 жылға қарай бұл көрсеткішті 10 млн тоннаға жеткізу жоспарланған.

Тоқаев
Фото: Ақорда

– Біз бұл бағыттағы жүк тасымалдарын кеңейтуге ниеттіміз және Қара теңіздегі негізгі логистикалық орталық – BMF Port Burgas-тың Орта дәлізге қосылуын құптаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – Болгария» бизнес-форумында.

Мемлекет басшысы мұны экономикалық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашатын негізгі бағыт деп атады.

Тұрақты энергетика мен агробизнес

Қазақстан Президенті бизнес-форумда инвесторлар үшін тартымды салаларды атап өтті. Мәселен, тұрақты энергетика. Қазақстан жаңғыртылатын энергия көздері саласында қарқынды дамуда. Сонымен қатар газ өндіруді арттыру бағытында геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп, халықаралық жобаларға қатысып отыр.

Қазақстан мен Болгария қандай келісімге келді
Фото: Ақорда

– Уран өндірісі бойынша әлемдік көшбасшы ретінде елімізде атом электр станцияларын салу жұмыстары басталды. Бұл еліміздің энергетикалық қуатын арттырып, өз кезегінде экономикалық ынтымақтастыққа оң әсерін тигізеді, – деді Мемлекет басшысы.

Тағы бір маңызды бағыт – агробизнес. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан тарапы болгариялық серіктестерімен ет және сүт өнімдері, бал, өсімдік майларын өндіру саласында ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін мәлімдеді. Lekkerbek компаниясының Шымкентте ет өңдеу саласына инвестиция салуға қызығушылық танытуын құптайтынын жеткізді. Бұл жоба заманауи технологияларды енгізіп, өңірдің экспорттық әлеуетін арттырары даусыз.

Фармацевтика, жасанды интеллект және цифрлық трансформация салаларында да екі елдің әріптестігі үшін зор мүмкіндік бар. Бұл бағыттарда Болгария белгілі бір жетістіктерге жеткен.

– Энергетика, логистика, цифрландыру, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы салаларындағы жаңа бастамалар Орталық Азия мен Еуропа арасындағы байланысты одан әрі нығайтады. Сонымен қатар, бұл бастамалар кәсіпкерліктің дамуына жол ашып, жаңа жұмыс орындарының құрылуына ықпал етеді. Бұл Қазақстан экономикасына ұзақмерзімді пайда әкеледі, – деді сарапшы Әли Мұхамбет.

Жақсы дәстүр жалғасын таба бермек

Қазақстан мен Болгария – тарихи әрі менталдық жағынан жақын елдер. Өткен кезеңінде ортақ кеңестігі бар, ұқсас дүниетанымы біріктіреді. Мемлекет басшылары атап өткендей, көптеген жаһандық мәселелер бойынша екі ел ұстанымы сәйкес келеді. Жаһандық саяси бір-бірінің бастамаларын қолдау секілді жақсы дәстүрлер қалыптасты.

– Болгария Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығы мен ДСҰ-ға кіру секілді маңызды бастамаларын қолдады. Өз кезегінде Қазақстан Болгарияның БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне сайлануын қолдаған, – деді сарапшы Әли Мұхамбет.

Мәдени байланыстардың да дамып жатқанын назардан тыс қалдыра алмаймыз. Қазақстанда болгарлардың бесінші ұрпағы өмір сүруде. Софияда бір көшеге Астана атауы берілген. Жақында елордада София атаулы көше пайда болады.

Қорытындылай келе, Қазақстан мен Болгарияның ортақ мүдделері мол. Бұл – тек экономикадағы өзара прагматизм емес, сондай-ақ комплементарлық, яғни, елдердің бір мүддеге тоғыса алуы.

Соңғы жаңалықтар