Орта мектептерде қазақ тілінің оқытылуы 2001 жылдан бері 51 пайыздан 61 пайызға жоғарылады - Ғылыми-тәжірибелік конференция
Конференцияны ҚР-ның Мәдениет министрлігінің қолдауымен Қазақстан гуманитарлық-саяси конъюктура орталығы ұйымдастырып отыр. Оған мемлекеттік, тәуелсіз ғылыми-зерттеу және талдау құрылымдарының сарапшылары қатысты. Сонымен бірге, басқосуда саясаттанушылар, ҮЕҰ және БАҚ өкілдері де болды. Шараның мақсаты - қазақ тілінің қазіргі жай-күйі мен оны қолдану аясын кеңейту, жүзеге асыру барысында пайда болатын кедергілерді талқылау.
Саяси шешімдер институты ұжымдық жобаларды дамыту бөлімінің өкілі Мадина Нұрғалиеваның айтуынша, орта мектептерде қазақ тілінің оқытылуы 2001жылы 51 пайызды құраса, 2009 жылы ол 61 пайызға жеткен. Ал орыс тілі 45 пайыздан 37 пайызға төмендеген. Жоғары оқу орындарындарда 2001 жылға қарағанда қазақ тілінің оқытылуы 32 пайыздан 48-ге өссе, орыс тілін оқыту 68 пайыздан 52-ге қысқарған.
Жиын барысында қазақ тілі мен мәдениетінің және ұлттық құндылықтарының қазіргі жәй-күйі, қолдану аясын кеңейту мүмкіндіктері талқыланды. Сонымен қатар, қазақ тілді ақпарат кеңістігі мен оның даму жолдары қарастырылды.