Ортағасырлық әдеби туынды қазақ тілінде жеке кітап болып жарық көрді

«Шетелдік шығыстанушылар бұған дейін ескі деректерді өз мүддесіне сәйкес зерттеп, қарастырды. Мәселен көптеген парсы, түркі деректеріндегі Тараз қаласы туралы айтылған мәліметтерді шығыстанушылар кеңестік дәуірде бізге айтқан жоқ. Тәуелсіздіктің арқасында Тараздың 2000 жылдығында ғана «Көне Тараз - парсы ақындарының жыр шумақтарында» деген кітап шығардық», - деді С. Демирель университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Ислам Жеменей. Ғалымның айтуынша, тәуелсіздік жылдары ғана отандық зерттеушілер Тараздың ертеде қандай мәдени, ғылыми және сауда орталығы болғанынан көптеген мағлұмат алды. Оның әсемдігі бұрын бүкіл парсы еліне танымал болған көрінеді. Онда қандай да бір әсем қала салынса сұлулығын «тараздай» деп айтады екен. Сол сияқты кейінгі зерттеулерге қарағанда бүкіл әлемде түркілердің ішінде әдебиеттен теориялық еңбек жазған тұңғыш ғалым Тараздан шыққаны да белгілі болып отыр. Оның шығармасын 6 жыл бойы зерттеген ғалымдар «Көркем сөз өнері» деп қазақ тіліне аударып, жеке кітап етіп шығарғанын айтқан И. Жеменей бұл туындыны ҚР Ұлттық кітапханасының қорына тарту етті.