Ортақ игілікке бастайтын оңтайлы келісім

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылдың 29 мамырында Астана төріндегі Тәуелсіздік сарайында Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттерінің басшылары «Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы» маңызды құжаттарға қол қойды. Тарихи осы оқиғаға байланысты Елбасы бұл күнді «Еуразиялық ықпалдастық күні» деп атады.
None
None

- Біздің бүгінгі кездесуіміз шынында Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің болашағы үшін тарихи мәнге ие! - деді Қазақ елінің көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің отырысын ашардағы сөзінде. - Біз Еуразиялық экономи­калық одақ туралы келісімді дайындау бағытындағы орасан зор жұмысты аяқ­тадық. Оған қол қою Еуразиялық кеңіс­тіктегі ықпалдастықтың дамудың сапалы жаңа кезеңіне шыққандығын паш етеді.

Маңызды құжаттардың пакеті өте салмақты және олардың мұқият сүзгіден өтіп, сұрыпталғанының өзі мыңдық санға жетіп жығылған еді. Тәуелсіздік сарайындағы салтанатты рәсімге үш елдің саяси және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Келісімге Қазақстан көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей, Беларусь президенттері Владимир Путин мен Александр Лукашенко салтанатты жағдайда қолдарын қойды.

Мемлекет басшысы ЕАЭО туралы келісімнің «мүше-елдер азаматтарының әл-ауқаты мен өмір сапасын арттыру міндеттерін шешуге бағытталғандығын» айрықша атап көрсетті. «Еуразиялық экономикалық одақты құру - біздің экономикаларымызды жан-жақты жаңғыртуға және дамытуға, елдерімізді әлемдегі жетекші орындарға шығаруға қуатты серпін беретіндігіне кәміл сенімдімін» деді ол мәртебелі меймандар алдында.

- Қазақстан, Ресей және Бе­ларусь Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімге қол қоюға саналы түрде барып отыр. Біз өз мүдделерімізді жеріне жеткізе қорғадық! Әріптестің ұстанымына құрметпен қарадық. Құ­жаттарға мұқият талдау жасадық, - деді өз кезегінде Беларусь басшысы Александр Лукашенко.

- Біздің бүгінгі кездесуіміз, сөзсіз, ай­рықша, дәуірлік мәнге ие. Ресей, Бело­руссия және Қазақстан ЕАЭО туралы ке­лісімге қол қоюда. Бұл құжат мемлекеттік егемендікті толық шамада сақтай отырып, біздің елдерімізді интеграцияланудың принципті түрде жаңа деңгейіне шыға­рады. ЕАЭО арқасында елдеріміз арасын­дағы анағұрлым тығыз және үйлесімді экономикалық ынтымақтастық қамта­масыз етіледі, - деді Ресей президенті Владимир Путин.

Бүгінгі тарихи құжатқа Қазақ­станның бас қаласында қол қойылуын В.Путин заңдылық деп санайтындығын және де мұның символдық мәні үлкен екендігін атап көрсетті. Ресей басшысы Еуразиялық одақ идеясының бастауында Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тұрғанын, 1994 жылы ол тұңғыш рет осы идеяны Мәскеу мемлекеттік университетінде әлем қауымдастығына жария еткенін қадап айтты.

Путиннің айтуынша, ЕАЭО - табиғи, соның ішінде энергетикалық ресурс­тар­дың орасан зор қорларына ие. Бүкіл әлемдік газ қорының бестен бірі, мұнайдың 15 пайыздайы одақтың аумағына тиесілі. Сондай-ақ «үштік» елдерінде «да­мыған өнеркәсіп, индустриялық базаның, қуатты кадрлық, интеллектуалдық, мәде­ни әлеуеттің» барлығы алға тартылды. Сонымен бірге Еуразиялық одақ мү­шелерінің Еуропа мен Азияның қақ ортасында тиімді географиялық орналасуы оларға тек өңірлік қана емес, сондай-ақ жаһандық мәндегі көлік-логистикалық бағдарлар жасауға мүмкіндік береді. Мәселен, Қазақстан Президентінің бастамасымен, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халы­қаралық көлік дәлізі қарқынды түзілуде.

ЕАЭО - аты айтып тұрғандай, ол тек эко­номикалық салаларды реттейді. Қазақ­стан­ның табанды көзқарасы арқасында Одақ аясынан мәдениет, білім, ақпараттық саясат сала­лары тегіс шығарылды. Сондай-ақ Ресей тарапы ұсынған «ортақ парламент» құру идеясынан бас тартылған. Тіпті ортақ ва­люта құру мәселесі кері жылжытылды. «Ор­тақ азаматтық» та болмайды

- Қазақстан еуразиялық ықпалдастық идеясын ілгерілетуге тарихи үлес қосты, - деді Елбасы. - Сондықтан Астананың Еуразиялық экономикалық одақтың бе­сі­гіне айналуы - заңды. Бұл Қазақстан, Ресей және Беларусь халықтары достығы­ның, тату көршілігінің, өзара қолдауының ұлы шежіресінің жалғасы. ХХІ ғасырда бізді еуразиялық интеграцияның әлеуетін бір­ле­се жүзеге асыру ісі күтіп тұр.

Елбасы ЕАЭО планетадағы ең ірі тұ­ты­нушылық нарық екендігін атап көрсетті. Одаққа мүше елдер үлесіне әлемде бар­лан­ған барлық пайдалы қазбалардың жалпы құны 40 триллион долларға бағаланатын шамамен төрттен бірі тиеді екен. ЕАЭО - энергиялық ресурстар мен азықтық астық­тың әлемдегі аса ірі экспорттаушысы. «Ол шешуші ресурстар бойынша өзін-өзі толық қамти алады. Бұл мемлекеттеріміздің тәуел­сіздігін кепілдендіреді», - деді Н.Назарбаев. ЕАЭО алдағы 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап, іске қосылатын болады. Ресми мәлімет бойынша, интегра­ция­ның перспективті нәтижесі 2030 жылға қарай үш елдің жиынтықты ЖІӨ-іне 900 миллион доллар шамасында өсім қосады деп бағалануда.

Соңғы жаңалықтар