Қазақстанның Орталық әскери оркестрі Дохада өтетін фестивальде өнер көрсетеді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери оркестрі мен Құрмет қарауылы ротасы Катарда өтетін І Халықаралық әскери музыка және марштар фестиваліне қатысады. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл мәдени шара елдің Ұлттық күні аясында ұйымдастырылып отыр.
Фестиваль репертуары туралы Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Орталық әскери оркестрінің бастығы подполковник Мақсат Шәкенов айтып берді.
— Фестивальде биыл 100 жылдығын атап өткен қазақтың ұлы композиторы Нұрғиса Тілендиевтің әуендерінен попурри орындаймыз. Сонымен бірге көрермендерді Катардың танымал патриоттық әнімен қуантамыз. Біздің бағдарламамызды фольклорлық-этнографиялық оркестр, би тобы және Құрмет қарауыл ротасының дефилесі толықтырады, — деді ол.

Фестивальге Ұлыбритания, Иордания, Ирландия, АҚШ, Оман, Түркия және өзге де елдердің шығармашылық ұжымдары қатысады. Сондай-ақ Катардың элиталық әскери-музыкалық топтары өнер көрсетеді.
Бұған дейін отандық фильм халықаралық кинофестивальде лауреат атанын жазған едік.