Орталық Азия дәуірі, қазақтың қымызын экспорттау: халықаралық сарапшылар жаһандық мәселелерді қозғады

экспорт
Фото: Kazinform

Кейінгі бірнеше жылда әлемдік экономика пандемия дағдарысы, шектен шыққан инфляция, елдер арасындағы қақтығыстар және басқа да күйзелістерді бірінен соң бірін еңсеріп әлек. Бұл жағдайдың бәрі өткен жылдардағы жаһандық өсу динамикасын «жойып», бөлшектену үрдісін жеделдетеді.

Халықаралық валюта қоры жаһандық экономиканың өсімі 2023 жылы 2,9%-ға дейін баяулайды деп есептейді. 2000 жылдардың басынан бері жылдық орташа көрсеткіш 3,8% болып келген еді. Биылғы болжам одан айтарлықтай төмен.

Сонымен қатар, жаһандық қарыз дағдарысы сияқты күрделі құрылымдық міндеттер шешілмей келеді, ал бұл жалпы күйреуге әкелуі мүмкін. Халықаралық қаржы институтының мәліметінше, жаһандық қарыз қазірдің өзінде 305 триллион долларға, яғни әлемдік ЖІӨ-нің 348%-ына жеткен. Мұндай күрделі жағдай әлемдік экономиканың алдағы күйзелістерге төтеп беруін қиындатып, осал етеді.

Қазір әлем экономикасы қандай жағдайда? Қандай кедергілерді еңсеруі керек? Жаһандық қаржы қаншалық тұрақты бола алады? Орталық Азия және Қазақстанның алдағы бағыты қандай болады? Осы және өзге де мәселелерді елорда төрінде жиналған халықаралық сарапшылар талқылады. Олар «Бейбітшіліктің жаңа формуласы: трансформация қарсаңында» деген тақырып аясында дөңгелек үстел басында ой талқы жасады. Тақырып Еуразиядағы қауіпсіздік тәсілдерін әзірлеу қажетіне байланысты таңдалған. Толығырақ Kazinform сарапшысының материалында.

Орталық Азия дәуірі – жаңа интеграция

Екі күнге созылған отырыстың бір сессиясында сарапшылар Орталық Азияның интеграциясын кеңейту және өңірлік дамудың жаңа перспективаларын сөз етті. Олардың пікірінше, бүгінде әлем қауымдастығын алаңдататын негізгі мәселе – жарты ғасыр бойы қалыптасқан халықаралық тәртіптің жойылуы. Сондықтан спикерлер өркениетті жоятын қиындықтарға қарсы тұрудың тиімді құралдарын табудың маңызын атап өтті.

Сондай-ақ, сарапшылардың елордада жиналуы да тегін емес. Себебі, мамандардың айтуынша, түрлі ел арасындағы қақтығыстарды шешудегі Қазақстанның рөлі жоғары, сондай-ақ қазір Орталық Азияда жаңа интеграция жүріп жатыр.

– Қазір аймақтық (Орталық Азияда – ред.) интеграция процесі жүріп жатыр. Даму әлдеқайда қарқынды және экономика сыртқы әлемге ашық. Экономикалық тұрғыдан бұл Орталық Азияны барлық елмен ынтымақтастықты дамыта отырып, барған сайын күшейтеді. Біз аумақтық мәселелерді шешу қиын екенін білеміз. Дегенмен, алдымен қақтығыстарды тоқтату керек. Бұл – шындық. Алдымен аумақтық мәселелерді толық шешіп, кейін бітімге келу мүмкін емес. Сондықтан алдымен соғыстарды тоқтату керек, содан кейін аумақтық мәселелерді шешу үшін бейбітшілік үдерісін алға жылжыту қажет. Қазақстан – өңірлік мәселелерде оң бастамаларды алға тартатын ел. Сол себепті, Қазақстанда дауларды шешуге бағытталған көптеген маңызды үдерістер жүріп жатыр. Бұл тұрғыда Қазақстан өте маңызды роль атқарады, – деді Ресей және Орталық Азияны зерттеу орталығының профессоры, Фудань университеті, Бейжің халықаралық диалог клубының аға ғылыми қызметкері Чжао Хуашэн.

чжао хуашэн
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Сарапшы Орталық Азия экономикалық тұрғыдан ашық болуы – аймақтың дамуы үшін маңызды екенін атап өтті. Бұдан бөлек елдер арасындағы әскери қақтығыстар тоқтаса, онда даму қарқыны да жоғарылайтынын айтады.

– Орталық Азияның әлемде алатын орны қашанда маңызды. Дүниеде Азия дәуірі немесе Қытай дәуірі келді деген сөз жиі айтылады. Мен әлемді олай сипаттамас едім. Бейбітшілік бір аймаққа немесе мемлекетке емес, барлық халыққа ортақ. Бүгінде жаһанда өзекті мәселелер өте көп. Әлем тез және өте күрт өзгеріп жатыр. Дегенмен, жеке алғанда, әр аймақтың да мәселелері бар. Мысалы, ашықтық, әсіресе экономикалық тұрғыдан. Бұл – біздің аймақ (Орталық Азия – ред.) үшін маңызды мәселелердің бірі. Дамытуымыз керек. Екінші мәселе – әскери қақтығыстарды тоқтату. Бір қуанарлығы, аймағымызда бәрі тұрақты. Ірі әскери қақтығыстар жоқ. Біз қақтығыс болып жатқан аймақтарды бейбітшілікке шақырамыз, – деді Чжао Хуашэн.

Йоханнес Линн
Фото: Әлемдік экономика және саясат институтының баспасөз қызметі

Ал, Брукингск институты тұрақты даму орталығының бас ғылыми қызметкері, Дүниежүзілік банктің бұрынғы вице-президенті (1991-2003) Йоханнес Линн Орталық Азияның «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін (INSTC) дамытуға қосқан үлесін атап, электр энергиясы, газ тасымалына қатысты жобаларға тоқталды.

– INSTC-тің өсуі Орталық Азияны қамтиды, мысалы, Пәкістанға және одан әрі Үндістанға электр энергиясын жеткізу жобалары, сондай-ақ Түрікменстаннан Азияға газ құбырының құрылысы... Орталық Азия-Оңтүстік Азия электр энергиясын жеткізу және саудалау жобасы (CASA-1000) Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Пәкістан және Ауғанстан құрған маңызды ынтымақтастықты көрсетеді. Бұл – өңірдегі энергетикалық ынтымақтастықты тереңдету және перспективалы трансшекаралық электр энергиясы саудасын дамыту жолындағы маңызды қадам болмақ, – деді Йоханнес Линн.

Қымызға қызыққан америкалық

Ақ үйдегі (АҚШ – ред.) Қорғаныс департаментінің кеңесшісі Эдвард Луттвак Орталық Азия елдерінің экономикасына өткен қақтығыстардың қалай әсер еткені туралы пікірін айтып, Орталық Азия, оның ішінде Қазақстанның экспортты арттыру керегіне тоқталды. Сарапшы «ол үшін аймақтағы экономикаға интернационализм жетпей тұрғанын» айтады.

– Әрине, тікелей емес, жанама түрде Орталық Азияның экономикасы бұл қайшылықтан зардап шегіп отыр. Бірақ мен мына маңызды нәрсені айтқым келеді: Орталық Азияда экономика көбірек интернационалдануы (ұлттар арасындағы достық пен ынтымақтастықты уағыздайтын идеология – ред.) керек. Бұл қазір экспорт жеткілікті болуы қажет дегенді білдіреді. Қазақстан мен Орталық Азияда экспорт жеткіліксіз, – деді Эдвард Луттвак.

эдвард люттвак
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Сарапшы қарапайым мысал айтты. Ұлттық өнімді брендтеп, әлемдік нарыққа шығаруды ұсынды. Бірақ ол үшін, ең алдымен, қазақтың өзі «әрекет етуі» керек. Оған қазақтың «өзі кедергі» дегенге келтірді. Себебі, оған қымыз ұнайды, сатып алуға дайын. Бірақ қазақтың кәсіпкерлері оны АҚШ-та сатпайды.

– Маған қымыз қатты ұнайды. Бірақ мен оны Вашингтонда сатып ала алмаймын. Қазақтың өзі бизнеске, экспортқа бейім болуы керек. Табысты экономикалар экспортқа бағытталған. Мысалы, қымызды арнайы сусын ретінде сатып алуға болады. Мұндағы жағдай қандай қақтығыстар болып жатқанына немесе күштер арақатынасының қандай болуына байланысты емес. Бұл кәсіпкерлік қабілетке қатысты. Бұл Ресейге немесе Бейжіңге байланысты емес. Бұл қазақтардың өздерінің кәсіпкерлік қабілеті мен іскерлік бағдарына байланысты, – дейді америкалық спикер.

Қорыта айтқанда, сарапшылар бұдан өзге де түрлі тақырып төңірегінде сөз қозғады, дегенмен, түйгеніміз – еліміздің экономикалық жағдайына әлемдегі қандай да бір қақтығыстар әсер ететіні сөзсіз, бірақ даму үшін кедергі де бола алмайды. Біз жақсыны сырттан іздеп, өзгеге қызықпай, барымызды ілгерілетуіміз керек. Оған америкалық саясаткер айтқан қымыздың мысалы-ақ жеткілікті.

Соңғы жаңалықтар